Күрд күштері 163 елді мекенді «Ислам мемлекеті» басқыншылығынан босатып алды
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Күрдтік «Пешмерга» әскери құрылымы АҚШ әскери-әуе күштерінің қолдауымен сириялық Кобани қаласының маңындағы шамамен 163 елді мекенді өз бақылауына алды.
Еске сала кетейік, сирия-түрік шекарасындағы Кобани қаласын өткен жылы «Ислам мемлекетінің» содырлары жаулап алған. Сол кезден бастап мұнда ислам радикалдары және ирактық Күрдістанның әскери күштері арасындағы қақтығыс басталды.
«Аль Арабия» араб арнасы соңғы үш аптада күрдтер Кобани қаласы мен оның маңындағы елді мекендерді бақылауға алғанын мәлім етті.
Қазіргі уақытта «Ислам мемлекетімен» қақтығыс ошағы Айн аль-Араб қаласының маңына көшті. Сирияның солтүстік және шығыс аумақтары, соның ішінде Алепподан солтүстікке қарай орналасқан аумақ және Ракка провинциясынан Ирак шекарасына дейінгі оңтүстік-шығыс дәлізі «Ислам мемлекеті» содырларының қолында.