Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық - Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтауында Барыс жылы ауқымды өзгерістер мен жаңа дәуірдің бастауы болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл еліміз үшін несібелі жыл болды. 400 мыңға жуық сәби дүниеге келіп, көптеген отбасының шаңырағы бақытқа толды. Біз балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердік. Бұл – өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам. Диқандарымыз 23 миллион тонна астық жинады. Бос жатқан 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бірнеше ірі өндіріс іске қосылды. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. «Қазақстан халқына» қоры құрылды, соның арқасында көптеген азаматқа нақты көмек көрсетіліп жатыр. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда көк туымызды желбіретті. Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық, бірқатар алпауыт елдердің сенімді серіктесі атандық. Осылайша, Барыс жылы ауқымды өзгерістер мен жаңа дәуірдің бастауы болды», - деді Мемлекет басшысы.