Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер оның сапасына кемінде 3 жылға кепілдік беруі керек

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мердігерлік келісім-шартты жасау барысында міндетті шарт ретінде ұзақтығы 3 жылдан кем болмайтын кепілдік мерзімі енгізілуі тиіс.

Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер оның сапасына кемінде 3 жылға кепілдік беруі керек

Бұл ұсынысты бүгін елордада өткен «ТҚШ-ны жаңарту және реформалауды нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғос Өтегенов білдірді.

Оның атап өтуінше, күрделі жөндеу жұмыстарының барлық түрлерінде жүргізілген энергоаудиттің қорытындысы терможаңартудың төменгі көлемінің кек күттірмейтін жұмыстары тізбесіне қосылуы міндетті болуы керек. Сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстарын жасаушыны анықтау, оның біліктілік сипаттамасы, сенімділігі, қажеті матералдық-техникалық базасының болуы тәртібін айқындау міндетті болып табылады.

«Мердігерлік келісім-шартты жасау барысында міндетті шарт ретінде ұзақтығы 3 жылдан кем болмайтын кепілдік мерзімі енгізілуі тиіс. Бұл кезеңде мердігер құрылыстың бітпей қалған жерлерін өз қаражаты есебінен жөндеуге міндетті», - деді ол.