Күрделі жөндеуден өткен Шымкенттің орталық мешіті Рамазан айында ел игілігіне берілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Күрделі жөндеуден өткен Шымкенттің орталық мешіті Рамазан айында ел игілігіне берілді. Былтыр қазан айында басталған жөндеу жұмыстары жуырда ғана аяқталған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 
None
None

Мешіттің қайта ашылу рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов барша мұсылмандарға Рамазан айындағы тұтқан ораза, еткен құлшылықтары қабыл болсын деген тілек айтты.
null

«Мешіт - Алланың үйі. Мұнда тек ізгілікті, береке-бірлікті, жақсылықты дәріптеуіміз керек. Елбасымыздың ұстанған салиқалы саясатын Хақ дінімізбен ұштастырып, пайғамбарымыз салған ақ жолдан ауытқымай елге, Отанға қызмет етуіміз қажет», - деді шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кетейік, Қошқар ата өзені жағалауында орын тепкен «Абдул Хамид Қаттани» мешіті 1997 жылы  Сауд Арабиясына қарасты Қаттани ауылының азаматы Абдул Хамид Қаттанидің демеушілігімен салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген құлшылық үйінің ішкі-сыртқы келбеті аздап ескіре бастаған.  Осыған орай, мешіт әкімшісі, бас имам Бақдәулет Әбдірахымов оның ішін жөндеуге шаһар басшысынан көмек сұраған еді.

Құлшылық үйінің көлемі 845,5 шаршы метрді құрап, ішкі сиымдылығы 800 орындық болса, сыртымен қоса есептегенде 2000 адам бір уақытта намаз оқи алады. 2006 жылы күмбез жаңартылып, алтын түстес сары металмен қапталған.

Мұнда арнайы кітапхана, дәрісхана бөлмелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, өмірден қажыған жандарға рухани көмек көрсету мақсатында «сабырлылық» бөлмесі ашылған.
null

Күрделі жөндеуден өткен мешіттің айналасы электр шамдармен жарықтандырылып, жеке жылыту газ қондырғысы орнатылды. Әрі, ауласында 100 автокөлікке лайықталған арнайы автотұрақ салынды. Нысанның ішкі қаспетін Ташкенттен келген ұсталар әрлеп шыққан. Айта кетерлігі, құлшылық үйінің ішіндегі ұлтымыздың бағзы ою-өрнектерін мешіт әкімшілігі өз тарапынан қостырған. Сондай-ақ мешіттің жұртқа қолжетімді болуы үшін алдындағы қорған-қоршаулар түгелдей алынып, жан-жағындағы сауда-саттықпен айналысатын дүңгіршектер басқа жаққа көшірілді.

«Бұл әуелі дін мен дәстүр сабақтастығы болса, екіншіден, Шымқалаға келген туристер үшін ұлттық дүниетанымды насихаттау», - дейді мешіт әкімшісі.

nullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар