19:04, 24 Сәуір 2014 | GMT +5
Күрес: Татьяна Аманжол Қазақстанға Азия чемпионатының екінші алтын медалін жеңіп алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық палуан қыз Татьяна Аманжол күрестен Азия чемпионы атанды.
Ақтық сында қандасымыз моңғол спортшысы Нарангерел Эрденесухты 4:1 есебімен тізе бүктірді. Сонымен қатар бүгінгі жарыста Дәулет Ниязбеков Қазақстан қоржынына қола жүлде салды. Ол үшінші орын үшін болған тартысты айқаста Қырғызстан палуаны Базар Бұзаргуруевтан басым түсті.
Айта кетейік, бүгіндері Астанада күрестен Азия чемпионаты өтуде. Алғашқы жарыс күнінде 57 келіге дейінгі салмақта Расул Қалиев алтын алып, еліміздің қанжығасын майлаған болатын. Аслах Кахидзе 84 келі салмақта екінші орынға қол жеткізсе, 125 келіге дейінгі салмақта Дәулет Шабанбай үшінші орынға ие болды.
Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен өтіп жатқан құрлықтық біріншілік 27 сәуірде мәресіне жетеді.