Күрестен Азия чемпионаты: Қазақстандық балуан қыздар алғашқы жүлдесін жеңіп алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Делиде (Үндістан) күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында ел қоржынына әйелдер күресінен алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күрестен Азия чемпионаты: Қазақстандық балуан қыздар алғашқы жүлдесін жеңіп алды

Атап айтсақ, әйелдер күресінен 50 келі салмақта ел намысын қорғаған Валентина Исламова қола медаль үшін өткен кездесуде вьетнамдық қарсыласын 10:0 есебімен ұтып, үздіктер қатарынан көрінді.

Сондай-ақ, бүгін тағы үш балуан қызымыз қола медаль үшін сынға түседі. Олар - 55 келідегі Марина Зуева, 59 келіде Мәдина Бақбергенова және Эльмира Сыздықова.

Айта кетейік, кеше грек-рим күресінің шеберлері жарысты аяқтап, бүгін әйелдер арасындағы бәсеке басталған болатын. Грек-рим балуандары құрлық додасын бес медальмен аяқтады. Оның біреуі - алтын, біреуі - күміс және үшеуі - қола медаль. Нәтижесінде жалпы есепте 136 ұпаймен үздік үштіктен көрінді.

Азия чемпионатында 190 ұпай жинаған Иран құрамасы көш бастаса, екінші орынды 146 ұпай еншілеген Өзбекстан құрамасы жеңіп алды.