«Құрғақ қымыз Еуропаның сұранысына ие» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 қыркүйек, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Құрғақ қымыз Еуропаның сұранысына ие» - республикалық басылымдарға шолу

***

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған үкіметтік топ Оңтүстік Қазақстан облысында екі күндік жұмыс сапарымен болды. Алғашқы күні Шымкенттегі "Нұрсәт" шағынауданына барып, бас жоспарға сәйкес салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бастаған үкі­мет­тік делегация "Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент" магистрал­ды газ құбыры желілік бөлігінің алғашқы торабын дәнекерлеу рәсімі шеңберінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың Түркістан қала­сын газбен жабдықтау жөніндегі жобасымен танысқан. Мақала «Магистральды газ құбыры Түркістанда түйіседі» деген тақырыппен берілген.

«Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес инновациялық үрдісті игеру мәселесі Семейде де жолға қойы­луда. Өндірісті уақыт талабына сай өрістету мақса­тын­да қолға алынған жобалар аз емес. Сол жобалардың алдың­ғы легі игеріліп, өз жемісін бере бастады», деп жазады ел газеті «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында басылған «Құрғақ қымыз Еуропаның сұранысына ие» деген мақаласында. Биенің сүті - саумалды бірден құрғатып, ақ ұнтаққа ай­нал­дыру Франция, Германия секілді елдерде ертерек қолға алынған. Қымыздың бұл құр­ғақ түрі тек сусын үшін ғана емес, дәрі-дәрмек жасау са­ла­сында да таптырмайтын шикізат. Дәл осындай құрғақ қымыз шығару Семей жерінде қолға алынды. Өндіріс тех­но­ло­гиясы бойынша 100 литр саумалдан мөлшермен 30 кило құр­ғақ ұнтақ алынатын кө­рінеді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиевті қабылдады. Қазіргі кезде еліміздегі ақпараттық-коммуникациялық салада елеулі өзгерістер орын алуда. Елбасыны осы үдерістердің барысы және жаңалықтың қалай қабылданып жатқандығы қызықтырған. Ең алдымен, Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысына өз министрлігі үшін белгіленген негізгі мақсаттық индикаторларға қол жеткізу бағытындағы жұмыс нәтижелері туралы баяндады. «Байланыс және ақпарат министрі Президентке сандық телехабар таратуға көшу бағытындағы жұмыс нәтижелерін де мәлім етті. Қазақстан 2015 жылға дейін Кеңес заманынан бері келе жатқан аналогтық хабар таратудан толық кетуі керек», деп жазады басылым. Мақала «Елбасы ақпарат саласының жаңалықтарына қанықты» деген тақырыппен берілген.

Тамыз айының соңғы күндері Атырауда экстремистік топ мүшелерінің жолы кесіліп, арнайы шара аясында құқық қорғау органдарына қатты қарсылық көрсеткен топ мүшесінің бірі 29-тамызда болған оқиға орнында қаза тапқан болатын. Осы оқиғадан соң, облыс прокуроры Сайфолла Кемалов «Лаңкестік әрекет жасауға барды» деген күдікпен екі топтың 18 мүшесі ұсталды» деп мәлімдеген еді. Аталған жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Күдіктілер ұсталды» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, Атырауда жарылыс ұйымдастырмақ болған лаңкестік топтың 23 мүшесі ақыры қолға түсіп, қамауға алынды. Олардың арасында кәмелетке толмаған бір жеткіншек және әзірбайжан ұлтының азаматы бар. Кәмелет жасына толмаған колледж студенті екі ай мерзімге үйқамаққа алынды.

***

«ИСЛАМ - БЕЙБІТШІЛІК ДІНІ»: скауттық қозғалыстар осылай деп жар салмақ...». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада Білім және ғылым министрлігімен, еліміздің скауттық қозғалысы ұйымымен, «Жас Қыран» әскери-патриоттық бірлестіктерінің дамыту орталықтармен осы аптада Астанада «Бейбітшілік үшін мәдениет алмасу» халықаралық симпозиумы өтетіндігі жайында баяндалған. Басылымның атап өтуінше, симпозиум негізінен Исламның бейбітшілік дін екенін ұғындыру мақсатында болады. Сондықтан да, бұл іске Халықаралық мұсылмандар скауттық кеңесі белсене атсалысуда. Қыркүйектің 8-12-сі аралықтарында өтетін симпозиумның бағдарламасы қызықты шараларға толы. Соның ең маңыздысы - қыркүйектің 10-ы күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін «Ислам - бейбітшілік діні» атты конференция.

Бүгінде «адам капиталы» деген ұғым санамызға әбден сіңіп, тұрмысымызда «модный» бір тіркеске айналды. Біле білсек, осы экономикалық тіркесте көп мағына бар. Әрбір азаматтың сана-сезімін (интеллект), денсаулығын, білімін, сапалы еңбегі мен өмір сүру деңгейін анықтайтын адам капиталы - отандық экономиканың негізгі қозғаушы күші, елдің әл-ауқатын өсіретін бірегей фактор. Дені сау, өресі биік адам капиталының қоры сарқылмайды. Сондықтан дамыған елдер барлық қаражаттың жартысынан көбін адам капиталына салып жатады. Соңғы жылдары Қазақстан да «табиғат капиталынан» бұрын адам капиталын дамыту жұмысына ерекше басымдық беріп келеді. Осы саладағы еліміздің кол жеткізген жетістіктері кеше Астанада өткен «Тәуелсіздікке 20 жыл: Қазақстан Республикасында адам капиталын дамытудың сапасы мен келешегі» атты II Халықаралық конференцияда пысықталды. Алқалы жиын арқау болған жарияланым «Алаш айнасы» газетінде «Назарбаев университеті Қазақстандағы адам капиталын ұлғайтады» деген тақырыппен жарық көрді.

***

«Кеше Парламент Сенаты Халықаралық қаты­нас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Қуаныш Сұлтанов Швеция Корольдігінің Қа­зақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Манне Вэнгборгпен кездесті», деп жазады «Казахстансая правда» газеті. Екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бой­ынша пікір алмасу барысында тараптар мемлекетаралық қатынастардың маңызды бөлігі болып табылатын парламентаралық байланыстарды дамыту жайында да сөз қозғады. Кездесуде сондай-ақ, аймақ­тық және халықаралық күн тәрті­бін­дегі мәселелер талқыланды.