14:28, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Құрғақ сүттен дайындалған сүт табиғи сүттен «сүт сусыны» деп ажыратылып айтылуы тиіс ? Ауыл шаруашылығы министрлігі
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде ведомство басшысының орынбасары Арман Евниевтің төрағалық етуімен, қоюлатылған,

концентрацияланған не болмаса табиғи құрғақ сүттен жасалған сүттің қаптамасын таңбалау кезінде «сүт сусыны» терминін қолдану мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.Жиынға Астана, Алматы және еліміздің барлық аймақтарынан сүт өнімдерін өндіруші ірі кәсіпорындардың басшылары қатысты. «Сүт және сүт өнімдері қауіпсіздігінің талаптары» туралы Техникалық регламентке енгізіліп отырған өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, құрғақ сүттен жасалған сүттің сыртына «сүт сусыны» деп айқындап жазу, біріншіден, тұтынушыларды жаңылыстырмай, оларға таңдау жасауға мүмкіндік беретін болады.Қазақстанның Сүт одағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Санат Құрманғалиев: «Құрғақ сүттен әзірленген сүттің қаптамасына «сүт» емес «сүт сусыны» деп жазатын болсақ, біз импорт өнімдеріне жол ашатын боламыз. Өйткені, Ресейден «табиғи сүт» деген атаумен келетін өнімдер 147 теңге тұрса, отандық табиғи сүт 185-205 теңге аралығында сатылуда. Бүгіннің өзінде отандық өнімдер «сүт сусыны» деп жазбай-ақ баға жағынан ұтылып жатыр», - деген пікірін білдірді. Ал, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрдің айтуынша, шетелден сатып алынған құрамы белгісіз құрғақ сүттің езбесін көз тартымды қаптамаға құйып, оны «таза сүт» деп сатып отырған кәсіпкерлер, табиғи сүт өндірушілерді өз өнімдерін неғұрлым арзандатылған бағамен сатуға мәжбүрлеп отыр. Сондықтан, сүт деген атауға жатпайтын құрамында қоспалары бар сүттерге басқа атау берілуі тиіс. Сонда тұтынушылар жаңылыспайтын болады. Жиын соңында тараптар табиғи сүт пен құрғақ сүт езбелерінің атаулары бөлек болуы керек деген пікірге тоқтасты.