Құрғақшылыққа қарамастан 24,5 млн тонна астық жиналды
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі 90 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумы аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
- 2026 жылы елімізде 24,5 млн тонна астық жиналды. Ал көпжылдық орташа көрсеткіш 18 млн тонна. Осы жыл соңғы жылдардағы ең құрғақ маусымдардың бірі болды. Бірқатар өңірлерде, атап айтқанда, Павлодар және Қарағанды облыстарында құрғақшылық тіркелді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, еліміздің диқандарымыз мол өнім жинап, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен агротехнологияларды тиімді қолданудың нәтижесі, - деді министр.
Оның айтуынша, жиналған астықтың сапасы да жоғары. Сақтауға тапсырылған жұмсақ бидайдың 72 пайызы жоғары сыныпқа жатады. Басқа да дақылдар бойынша жақсы нәтижелер бар. Атап айтқанда, 3,4 млн тонна көкөніс, 3 млн тонна картоп, 2,4 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта өнімі 556 мың тоннаға жетіп, тарихи жоғары көрсеткіш тіркелді.
- Агротехнологиялардың қолжетімділігін арттыру биылғы күрделі жағдайда өнімділікке түбегейлі әсер етті. Қазір шаруалар маусымдағы ауа райы жағдайларына алдын ала дайындалып, ықтимал қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік алды. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. 2026 жылы жеңілдетілген несие көлемі 5 пайыздық мөлшерлемемен 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізілді. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға жаңа серпін берді. 2026 жылы шаруалар 25 мыңнан астам техника сатып алды. Нәтижесінде техника паркінің тозу деңгейі 90 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеді. Осы қарқынды сақтаған жағдайда, алдағы 5-7 жылда Қазақстан ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың қажетті деңгейіне қол жеткізе алады, - деді Айдарбек Сапаров.