Құрылыс саласы инженерлерін сертификаттау енгізілмек

АСТАНА. KAZINORM – Елімізде құрылыс саласы инженерлерін сертификаттау енгізілмек. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексін талқылауға арналған сарапшылық кездесуде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин айтты.

құрылыс
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Кодекс жобасында жобалау алдындағы дайындықтан бастап, оны пайдалануға дейін құрылыстағы қызметтің барлық саласын қозғайтын дербес бағыттарға айналған цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Е-Qurylys ақпараттық жүйесінің алаңында құрылыс объектісінің өмірлік циклінің барлық кезеңдері қарастырылады. Оның негізгі бағыты құрылыс кезеңінде жасалады. Сонымен қатар, дәл осы алаңда тестілеу рәсімі жүргізіледі — құрылыс саласының мамандарын сертификаттау және тізімді автоматты түрде жүргізу. Сондай-ақ, цифрландыру жөніндегі жұмыстар аясында жобалау жөніндегі жұмыстардың сапа деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу міндеті заңнамалық түрде бекітіледі», — деді вице-министр. 

Оның айтуынша, сарапшыларды және инженерлік-техникалық қызметкерлерді аттестаттаудың қолданыстағы жүйесі аттестаттаудан өткен сарапшылардың біліктілік дәрежесін жеткілікті түрде тиімді көрсетпейді.

«Халықаралық тәжірибені зерделеу аясында ұлттық заңнаманың ерекшеліктерін ескере отырып, Еуроодақтың табысты практикасына ұқсас құрылыс саласының инженерлерін сертификаттауды енгізу жоспарлануда. Сертификаттауды жүргізу жөніндегі функция бәсекелестік ортаға беріледі және оны нарық қатысушылары жүзеге асырады. Бұдан басқа, құрылыс саласында өрескел заң бұзушылықтарға жол берілген жағдайда қызметті жүзеге асыруға тыйым салу мүмкіндігімен құрылыс нарығына қатысушылардың ортақ жауапкершілігін белгілеу жоспарланып отыр», — деді Тимур Қарағойшин.

Соңғы жаңалықтар