Құрылыс саласын цифрландыру: жаңа кодекстер мен кешенді жоспар бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026–2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифрландыру жоспарын бекітті. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.
— Құжат құрылыс саласын цифрлық трансформациялаудың негізгі міндеттерін айқындайды және жоспарлау, жобалау кезеңдерінен бастап, пайдалануға беру, ғимараттарды одан әрі пайдалану үдерістеріне дейінгі құрылыс нысандарының бүкіл өмірлік циклін қамтиды, — делінген хабарламада.

Жоспарда құрылыс саласындағы үдерістерді жеңілдету және жеделдетуге бағытталған кешенді практикалық шаралар көзделген.

— Басым бағыттардың қатарында міндетті BIM-жобалауды енгізу, құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, нысандардың цифрлық паспорттарын қалыптастыру, сондай-ақ құрылыс нормалары мен стандарттарын машинамен оқылатын форматқа көшіру бар. Бұл шаралар қолмен орындалатын операциялар санын қысқартуға, қателіктер тәуекелін азайтуға және құрылыс жобаларын жүзеге асырудың болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі, — деп хабарлады Үкіметтен.

Жоспарды жүзеге асыру саланың ашықтығын және басқарылуын қамтамасыз етуге, құрылыс мерзімдері мен шығындарын қысқартуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, сондай-ақ құрылыс нысандарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Бүгін Мемлекет басшысы құрылыс және цифрлық кодекстерге қол қойды.