Құрылыс талаптарының бұзылуына қатысты шағымдар көбейіп барады – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов құрылыс сапасын арттыру керектігін айта келе, жаңа құрылыс кодексінде сапаға қатысты бірқатар шара қарастырылғанын айтты.

- Әкімдіктер құрылыс жұмыстарын инженерлік желілермен үйлестіре отырып жүзеге асыруы қажет. Құрылыстың санымен қатар сапасын да естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ереже талаптарының бұзылуына және құрылыс нысандарының уақтылы іске қосылмауына қатысты шағымдар саны көбейіп барады, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Осы орайда Үкімет басшысы бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажеттігін айтып отыр.
- Жаңа құрылыс кодексінің жобасында құрылыс сапасына бақылауды күшейту, саланы цифрландыру, сәулеттік қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешені көзделді, - дейді ол.
Бұған дейін Олжас Бектенов тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімін бір жүйеге келтіру жұмысының әлі аяқталмағанын айтып сынға алды.