6,5 трлн теңге: шетелдік басылым Қазақстанның ірі құрылыс бағдарламасына назар аударды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық EU Reporter басылымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына мақала арнады.
«Құрылыс және тағы да құрылыс! Қазақстан инфрақұрылымды дамыту қарқынын үдетіп келеді» атты мақалада автор Ұлттық қордан мектеп, аурухана және жол салуға 6,5 трлн теңгеге жуық қаржы бөлу туралы шешімді халықаралық тәжірибемен салыстырған. Әлеуметтік салаға салынған инвестицияның ұзақ мерзімді пайдасына, Қазақстан тәжірибесін өзге елдерде қолдану мүмкіндігіне ерекше назар аударған.
Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен жолдар салынады. Басылымның жазуынша, соңғы жеті жылда Қазақстан халқының саны екі миллионнан астам адамға өскен. Сондықтан халқы көбейіп келе жатқан қалалар мен аудандарда тұрғындардың күнделікті қажетіне сай инфрақұрылымды дамыту маңызды.
Жаңа бағдарлама — мемлекеттің әлеуметтік саланы дамыту бағытында атқарып келе жатқан жұмысының жалғасы. Соңғы жеті жылда Қазақстан бұл салаға 88 трлн теңгеге жуық қаржы бағыттады. Оның 33,2 трлн теңгесі білім беруге, 15,5 трлн теңгесі денсаулық сақтау саласына жұмсалды. Осы кезеңде қалалар мен ауылдарда мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер бой көтерді.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру басталып кетті. Алғашқы кезеңде жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Жоспарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын салу, инженерлік желілер тарту, жол салу қарастырылған.
Мақала авторының пікірінше, мемлекеттік инвестицияның тиімділігі салынған нысандардың санымен немесе аумағымен ғана өлшенбейді. Сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімді болуы, тұрмыс жағдайының жақсаруы адами капиталдың дамуына тікелей ықпал етеді. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, халықтың табысын көбейтуге жол ашады. Инфрақұрылымға салынған қаржы ондаған жыл бойы экономикалық пайда әкелуі мүмкін.
Халықаралық зерттеулер мұндай ұстанымның негізді екенін көрсетеді.
БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстан адами даму индексі бойынша 193 ел мен аумақтың арасында 60-орында тұр. Елдің көрсеткіші — 0,837. Бұл — Орталық Азиядағы ең жоғары нәтиже. БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катажина Ваверня елімізде халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту, адами даму және цифрландыру бағытында нақты ілгерілеу барын атап өткен.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) «Generation 2050» есебінде Орталық Азия халқының жартысынан астамы 30 жасқа толмағаны айтылған. Балалардың денсаулығына, білімі мен дамуына қосымша қаржы салу 2050 жылға қарай өңірдегі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді бастапқы болжаммен салыстырғанда 6–14 пайызға арттыруы мүмкін.
Қазақстанда денсаулық сақтау саласының дамуы, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің артуы өлім-жітімнің азаюына, өмір сүру ұзақтығының өсуіне ықпал етті. 2025 жылы елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.
Басылым мектептегі білімнің қолжетімділігін арттыруға басымдық берген Индонезияның тәжірибесін де мысалға келтірген. Экономист Эстер Дюфлоның зерттеуі осы бағытқа салынған қаржы балалардың білім алу мерзімін ұзартуға, болашақта жоғары табыс табуына ықпал етуі мүмкін екенін көрсеткен.
Автор бұл зерттеудің нәтижесін Қазақстанның халқы өсіп келе жатқан елді мекендерде жаңа білім беру нысандарын салу жоспарымен салыстырған.
EU Reporter басылымының бағалауынша, Қазақстан тәжірибесі мемлекеттік жинақтарды өңірлерді дамытуға қалай пайдалануға болатынын көрсетеді. Бағдарлама аяқталғаннан кейін де салынған нысандар халықтың игілігіне жарап, ұзақ жыл қызмет етеді. Қаржыны осы бағытқа жұмсаудың басты артықшылығы — қоғамға ұзақ мерзім пайда әкелуінде.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін 6,5 трлн теңгенің қайда жұмсалатынын айтқан еді.