Құрылыста отандық материалдарды импорттық өнімдермен алмастыруға жол берілмейді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылыс саласында отандық материалдардың қолданылуы барлық кезеңде цифрлық бақылауға алынады. Бұл туралы Құрылтайда өңдеуші секторды ынталандыруға арналған Үкімет сағатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Құрылыста отандық материалдарды импорттық өнімдермен алмастыруға жол берілмейді
Фото: primeminister.kz

— Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау аясында жобалаудан бастап нысанды пайдалануға дейінгі барлық кезеңде отандық құрылыс материалдарын пайдалануды бақылауға мүмкіндік беретін шаралар кешені көзделіп отыр. Құрылыс жобаларында отандық материалдарды барынша кеңінен қолдану және оларды импорттық өнімдермен негізсіз алмастыруға жол бермеу үшін шаралар қабылданады. Осы мақсатта Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпарат құрылыстың барлық кезеңде ескерілетін болады. Осылайша, құрылыс саласында отандық материалдардың қолданылуы барлық кезеңде цифрлық бақылауға алынады, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар ол Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі енгізілгенін еске салды. Цифрлық тізілім аясында кәсіпорынның өзінде қандай өнім шығаратыны, оның қалай өндірілетіні де тексеріледі. Бүгінде Тізілімде 2,7 мыңнан астам өндіруші бар. Олар 84 мыңға жуық тауар түрлерін шығарады.

— Алдағы уақытта өндірісте отандық тауарларды пайдалану мен қызмет көрсетуге қойылатын талаптар күшейтіледі. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы өндіріс ақпараты талданады және кәсіпорындардың өндіріс қуатын көрсететін цифрлық панель құрылады, — деді министр.

Бұған дейін Құрылтайда импортқа тәуелділікті азайтудың тетіктері ұсынылғанын жазған едік.