Құрылтай барлық сабақтастық пен институционалдық дәстүрді сақтауы керек — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды. Депутаттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында мәлімдеді.
— Парламенттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орнығып, ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айнала бастады. Сонымен қатар Парламент депутаттары Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосты. Сол арқылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, депутаттар парламентаралық ассамблеялардың, шетелдік сапарлар мен форумдар аясында шетелдік әріптестерімен және жаһандық институттармен сенімді әрі нәтижелі байланыс орната білді.
— Осы тұста Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жұмысын айрықша атап өту қажет. Беделді диалог алаңының хатшылығы ұзақ жыл бойы Сенат аясында табысты жұмыс істеп келді. Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және институционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс. Еліміздің жоғары өкілді органы — Құрылтайдың негізгі мақсаты — баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын, оның құрамына үздіктер ғана кіруі керегін айтқан еді.
30 жылда Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдаған.
Сондай-ақ, Электрондық Парламентті дамытуға басымдық беріледі.