Құрылтай депутаты: лицензиясыз инвестициялық жобалар жаппай жарнамаланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаты Юрий Ли Қазақстанның қаржы нарығында қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ шетелдік инвестициялық жобаларды насихаттайтын материалдардың қазақстандық интернет-ресурстарда жүйелі түрде жарияланып жатқанын мәлімдеді.

Құрылтай депутаты
Фото: Мәжіліс

— Қазақстанда тиісті лицензиялары болмаса да, азаматтарға инвестициялық мүмкіндіктер ұсынатын және брокер ретінде әрекет ететін шетелдік интернет-жобалардың жарнамасын отандық бұқаралық ақпарат құралдарының ресурстарында орналастыру тәжірибесі жүйелі сипат алды. Мұндай материалдар тек әлеуметтік желілерде ғана емес, сонымен қатар өңірлік және салалық басылымдардың сайттарында да жарияланады, — деді Юрий Ли.

«Ақ жол» партиясының 2023–2026 жылдар аралығын қамтитын мониторингі Қазақстанның 51 интернет-ресурсында 48 жобаға қатысты 168 жарияланымды анықтады.

Депутат бұл материалдарда лицензияның бар-жоғы, оның нөмірі және оны берген орган туралы ақпараттың жоқ екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол қаржы реттеушісі мен құқық қорғау органдарының назарына іліккен белгілі бір ұйым бар екенін, алайда осы ұйымды насихаттайтын материалдар қазақстандық интернет-ресурстарда әлі де таралып жатқанын сөз етті.

Осы орайда депутат парламенттік сауалда баяндалған барлық деректі жан-жақты қарастыруды, сондай-ақ мұндай жарнаманы жедел анықтау және жолын кесу мақсатында салалық ведомстволар мен құқық қорғау органдары арасында тұрақты іс-қимыл орнатуды сұрады.

Айта кетейік, бүгін Құрылтайда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстанда киберқылмысқа күрес бойынша түсінік берді.