Құрылтай депутатының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат
Татьяна Савельеваның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
- ҚР Орталық сайлау комиссиясына 2026 жылғы 6 қазанда Құрылтай депутаты Татьяна Савельеваның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініші келіп түсті. Осыған орай сіздердің назарларыңызға ҚР Конституциясының 55-бабына, «ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы негізінде Т.Савельеваның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгіземіз, - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавха Өтемісов.
Құрылтайдың жалпы отырысында депутаттар аталған ұсынымға қолдау білдірді.
Сонымен қатар Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай Татьяна Савельеваның заң шығару саласындағы еңбегіне алғысын жеткізді.
- Сіздің жаңа жауапты қызметіңізде табыс пен жетістік тілейміз, - деді А.Дәдебай.