«Құрылтай феномені» кітабы Анкарада таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия астанасы Анкара қаласында қазақ мемлекеттілігінің тарихы мен басқару дәстүрлеріне арналған «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.
400 беттен тұратын ғылыми еңбек бұған дейін Алматы мен Астанада оқырманға таныстырылған. Кітап қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Еңбектің негізіне құрылтайдың шығу тарихы мен оның аймақтың саяси өміріндегі рөлін ашып көрсететін тарихи қолжазбалар алынған.
Кітаптың түрік тіліндегі нұсқасы Түркиядағы билеуші Әділет және даму партиясының (AK Parti) Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі басқармасының қолдауымен жарық көрді.
Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, түрік ғалымдары және Анкарада тұратын қазақстандықтар қатысты. Тұсаукесерден кейін құрылтайдың тарихи маңызы мен оның қазіргі саяси үдерістердегі өзектілігі талқыланған сараптамалық пікірталас өтті.
Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу құрылтайдың көне түркі тарихы мен мемлекеттік басқару дәстүрлерінде маңызды орын алатынын атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан парламентінің атауын Құрылтай деп өзгерту тарихи тамырларға оралуды білдіреді әрі саяси институттардың сабақтастығын көрсетеді.
Кітап авторларының бірі, қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев та бұл дәстүрді жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Ұлттық құрылтай құру жөніндегі бастамасын және осы институттың кейін Парламент деңгейіне дейін дамуын атап өтті.
Авторлар тарихи дереккөздерді зерттеуді жалғастырып, жаңа ғылыми еңбектер дайындауды жоспарлап отыр. Қазір кітап Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында таныстырылып жатыр. Алдағы уақытта Әзербайжан мен Еуропа елдерінде де тұсаукесер өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Авторлардың пайымынша, бұл жоба халықаралық аудиторияның қазақ мемлекеттілігінің тарихына және қоғамдық өкілдік дәстүрлерінің дамуына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Бұған дейін Түркияның Ұлттық білім министрлігі түркі әлемінің тарихы мен мәдениетіне арналған жаңа оқу материалдарын әзірлегені хабарланған болатын.
Автор: Ақжігіт Чукубаев