Құрылтай мінберінен туысын құттықтаған депутаттар қалай жазаланады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында депутат Снежанна Имашева депутаттың этикасына қатысты қандай талаптар қойылғанын түсіндірді.

Құрылтай
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Депутаттың этикасы Конституциялық заңда қаралған және бүгін қабылданған Регламентте реттелген. Әрине, депутат өз қызметінде әдеп қағидаларын сақтауы тиіс, яғни тек Құрылтайда ғана емес, одан тыс жерде де. Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бергенде, әлеуметтік желідегі жазбаларында осы талаптар орындалуы қажет. Депутаттар өз мәліметтерінде нақтыланған деректерге сүйенуі тиіс. Құрылтай депутаттары өз әріптестерінің ар-намысына нұқсан келтірмеуі керек, - деді С. Имашева.

Сонымен қатар ол депутаттарға Құрылтай мінберінен туыстары мен таныстарын құттықтауға жол берілмейтінін айтты.

- Бұл жағдай Регламентпен бекітілген, яғни тек Құрылтайға қатысты мәселені көтеруі тиіс. Құрылтай мінберінен жеке біреулерді құттықтауға болмайды. Егер осында әрекет орын алса, онда әдеп жөніндегі кеңес осы мәселені қарап, тиісті жазасын береді. Бұл тұрғыда Құрылтай жиналысына қатыстырмау, жалақысынан айыру және басқа да жауапкершілік қарастырылған, - деді Снежанна Имашева.

Жаңа Регламенттегі жазалау тәртібі

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген депутаттық әдеп қағидаларын бұзған жағдайда депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:

1) мiнеу;

2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;

3) Құрылтайдың бір отырысында сөз бермеу;

4) Құрылтайдың үш отырысында сөз бермеу;

5) Құрылтайдың бір отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;

6) Құрылтайдың үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;

7) бiр күндiк жалақысынан айыру.

Бұл туралы шешімді Құрылтай Төрағасы қабылдайды және ол оның өкімімен ресімделеді. Депутаттың депутаттық әдеп қағидаларын бұзу фактісін анықтау және жазалау шараларын қолдану үшін Орталық сайлау комиссиясына жүгіну қажеттігі мәселелері бойынша Құрылтай Төрағасы Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдарын ескеруге құқылы.

Атап айтқанда, депутаттарға жазалау шараларын қолдануға байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы дайындайды.

Осыған дейін Құрылтайдың әр депутатының жұмыс тиімділігін бағалайтын арнайы жүйе енгізілмейтіні туралы айттық.