Құрылтай сайлауы: 70 мыңдай қызылордалық арнайы платформа көмегімен учаскесін тапқан
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауына Қызылорда облысы бойынша 500 591 адам дауыс беруге құқылы.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде 386 учаске құрылған. Онда 2720 комиссия мүшесі сайлаушылар үшін қызмет көрсетеді.
- Азаматтар өз учаскесін үйден шықпай-ақ «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» атты платформа көмегімен анықтап жатыр. saylau.orda.gov.kz платформасының көмегімен 70 мыңға жуық адам өз учаскесін тапқан. Платформа «Смарт Қызылорда» мобильді қосымшасында және sailau_kzoBot Telegram желісінде қолжетімді. Тұрғындарға 193 учаскеде онлайн сервистер ашылған. Бұл учаскелер сайлаушылардың ЖСН арқылы қайда тіркелгенін анықтап бере алады, - делінген хабарламада.
Дауыс беру күні 5 арнайы ұйым тізімде жоқ азаматтарды уақытша тіркеумен айналысады.
- Мұнда халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тұрғындарды уақытша тіркеп, дауыс беруіне мүмкіндік жасайды. Әрі қарай комиссия мүшелері уақытша тіркелген азаматтарды тізімге енгізіп, бюллетень береді, - делінген комиссия хабарламасында.
Сайлаушылар 23 тамыз күні таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 8-ге дейін дауыс бере алады.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Құрылтайы депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы Қаулы қабылданды.