Құрылтай сайлауы: Қостанайдағы 6697 әскери бөлімінде сайлау қалай өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайдағы ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде орналасқан № 27 сайлау учаскесінде 300-ден астам әскери қызметші дауыс беріп жатыр. Көптеген сарбаз үшін бұл өміріндегі алғашқы сайлау. Учаскедегі сайлаушылардың 40 пайыздан астамы алғаш рет дауыс берді.
Таңертеңнен бері 6697 әскери бөліміндегі әскери қызметшілер № 27 сайлау учаскесіне кезек-кезек кіріп, бюллетеньдерін алып, дауыс беру кабиналарына өтіп жатыр.
Әскери бөлімде дауыс беру рәсімі басқа учаскелердегідей өтеді. Кіреберісте комиссия мүшелері мен байқаушылар тұр. Одан кейін құжаттар тексеріліп, бюллетень беріледі және сайлаушы жасырын дауыс беру кабинасына кіреді. Әскери қызметшілер ұйымдасқан түрде келгендіктен, ұзын-сонар кезек байқалмайды.
Учаскеде барлығы 300-ден астам адам дауыс береді. Бұл учаскедегі ерекшелік мұнда алғаш рет дауыс беріп отырған жастар көп.
№ 27 сайлау учаскесінің төрағасы, ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ескендір Сараубековтің айтуынша, алғаш рет дауыс беріп жатқандардың басым бөлігі — 18 жасқа толған мерзімді әскери қызметшілер.
— Мерзімді әскери қызметшілеріміз сайлауға белсенді қатысып жатыр. 40 пайыздан астамы алғаш рет дауыс беруде. Алғаш рет дауыс беріп отырғандарға «Ұлттық ұлан» және «Құрылтай-2026» деген жазуы бар блокноттарды естелік сыйлық ретінде дайындадық, — деді Ескендір Сараубеков.
Бүгін алғаш рет бюллетень алғандардың бірі — мерзімді әскери қызметші Аманбек Жандос. Ол Ақмола облысының тумасы және биыл мерзімді әскери қызметке шақырылған.
— Бүгін алғаш рет дауыс беріп отырмын. Сондықтан бұл мен үшін ерекше әрі толқынысқа толы сәт. Мен өз дауысым арқылы ұстанымымды білдіріп, еліміздің болашағына өз үлесімді қоса алатынымды түсінемін. Азамат ретінде шет қалмай, жауапкершілігімді сезіну мен үшін маңызды, — деді әскери қызметші.
Жанында басқа да сарбаздар дауыс беріп жатыр. Олардың кейбірі үшін сайлауға қатысу әскери қызметімен тұспа-тұс келді.
— Мен үшін дауыс беруге қатысу — ең алдымен азаматтық жауапкершілік. Әскери қызмет тәртіп пен борыш сезімін қалыптастырады. Бүгін әрқайсымыз елдің болашағына өз үлесімізді қоса алатынымызды ерекше сезіндім. Әсерім жақсы, барлығы тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр, — деді 19 жастағы мерзімді әскери қызметші Диас Абилқасов.
Жас сарбаздар үшін бүгінгі күнді ерекше өткізу жоспарланған. Дауыс бергеннен кейін әскери қызметшілерге мерекелік түскі ас ұйымдастырылып, шағын концерт пен басқа да мерекелік шаралар өтеді.
— Бүгін қатысып жатқан Құрылтай еліміз үшін шын мәнінде тарихи оқиға деп ойлаймын. Қазақстан маңызды өзгерістер қарсаңында тұр: қос палаталы жүйенің орнына бір палаталы жүйе келеді. Бұл өзгерістер еліміздің одан әрі дамуына ықпал етіп, түптеп келгенде оң нәтижесін береді деп сенемін, — деді Ескендір Сараубеков.
Сайлау рәсімдерінің сақталуын комиссия мүшелері мен байқаушылар бақылап отыр. Жалпы бақылау жүргізу үшін әскери бөлімге «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары, полковник Адлет Көркембаев та келді.
Әскери қызметшілер урнаға бірінен соң бірі келіп, дауыс беруді жалғастырып жатыр. Бірі үшін бұл сайлауға кезекті қатысу болса, ондаған жас сарбаз үшін әскери қызмет кезінде бюллетень алып, өміріндегі алғашқы таңдауын жасауға мүмкіндік болып отыр.
Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды.
Айта кетейік, бұған дейін Токио, Сеулдегі қазақстандықтар дауыс беруді бастады.