Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай сайлауы: партиялар науқанның соңғы күндерін қалай өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. 19 тамызда партиялар сайлауалды науқанды жалғастырып, өңірлерде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Кешке жеті партия көшбасшысы теледебатқа қатысып, экономика, әлеуметтік саясат, ауыл шаруашылығы және экологияны талқылады.

Атырау облысында вахталық жұмысшылар үшін екі сайлау учаскесі құрылды
Фото: ҚР ОСК

«Әділет» партиясы Астанада тұрғын үй қорын басқару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ партия өкілдері халықаралық байқаушылармен кездесіп, Павлодар облысында өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдарымен жүздесті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия еңбек құқықтары, агроөнеркәсіптік кешен, экология, зейнетақы және білім мәселелерін талқылады. Партия өкілдері Көкпекті ауылының тұрғындарымен және жастармен кездесіп, әлеуметтік мәселелерді көтерді.

«Байтақ» партиясы Алматы және Ақтөбе облыстарында педагогтермен және медицина қызметкерлерімен кездесіп, экология мен денсаулық сақтау мәселелерін талқылады. Павлодар облысында радиациялық мониторинг мәселесі көтерілді.

Қазақстан Халық партиясы ардагерлермен, дағдарыс орталығының қызметкерлері және тәуелділігі бар адамдарға көмек көрсету орталығының мамандарымен кездесіп, онда дәрі-дәрмек, әлеуметтік бейімделу және мектептердегі психологиялық қолдау мәселелері талқыланды.

«Ауыл» партиясы Павлодар облысында ғылым және білім саласының өкілдерімен, сондай-ақ Набережное ауылындағы «AndasAgro» шаруашылығының еңбек ұжымымен кездесті. Онда өсімдік және мал шаруашылығы мәселелері талқыланды.

«Ақ жол» партиясы жеті облыста сайлауалды кездесулерін жалғастырды. Батыс Қазақстан облысында партия өкілдері Бөрілі ауданының Жарсуат ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады.

«Respublica» партиясы Ақмола облысында концерттік бағдарлама мен көрме ұйымдастырылған жақтастар форумын, сондай-ақ кандидаттардың «Re Jastary» жастар қозғалысымен кездесуін өткізді.

«Басты дебат – 2026»

19 тамызда 24KZ телеарнасында «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін» тақырыбында «Басты дебат – 2026» өтті. Эфирге жеті партияның төрағасы қатысты: Айбек Дәдебай («Әділет»), Дания Еспаева («Ақ жол»), Нұрсұлтан Шоқанов (Қазақстан Халық партиясы), Қайрат Айтуғанов («Ауыл»), Асхат Рахимжанов (ЖСДП), Айдарбек Қожаназаров (Respublica) және Азаматхан Әміртаев («Байтақ»).

Сөз сөйлеу тәртібі бір күн бұрын, 18 тамызда өткен ашық жеребе арқылы анықталды. Дебат форматы төрт раундтан тұрды: бағдарламаларды таныстыру, қарсыластар мен көрермендердің сұрақтарына жауап беру, партиялар арасындағы тікелей пікірталас және қорытынды сөз сөйлеу. Эфир барысында барлық партияның штабынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, АҚШ, Қытай және БАӘ-дегі қазақстандықтармен телекөпір өтті. Көрермендер QR-код пен байланыс орталығы арқылы шамамен 59 мың сұрақ жолдады. Олардың арасында шетелден қойылған сұрақтар да болды.

Жеребе бойынша бірінші болып сөз алған Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров табыс пен бағаның өсуі, цифрландырудың еңбек нарығына ықпалы, кадрларды қайта даярлау және білім беру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ фермерлерді қолдау мен мемлекеттік сатып алуға тоқталды.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев дебат барысында экологиялық туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және бюджет қаражатын пайдалану мәселелеріне тоқталды. Партия бағдарламасы туралы сұраққа жауап бере отырып, ол қаржылық заң бұзушылықтар туралы аудиторлық тексеру деректеріне сүйеніп, қолда бар ресурстарды тиімдірек пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева дебатта табиғи ресурстардан түсетін табысты бөлу, аграрлық сектор мен жас отбасыларды қолдау мәселелерін көтерді. Ол ауыл шаруашылығын субсидиялау, салық шаралары, техника лизингі және жас отбасыларды ипотекалық несиелеу ұсыныстарына тоқталды.

теледебат
Фото: Kazinform

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай дебатта жұмыспен қамту, ауыл тұрғындарының табысы және жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту мәселелерін көтерді. Ол экономиканы кеңейту, орта бизнесті дамыту, қаржыландыруды қолжетімді ету, экспортты ынталандыру және шикізатты терең өңдеу қажеттігін айтты.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов дебатта ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шағын бизнес пен кооперацияны дамыту мәселелерін көтерді. Ол астықты терең өңдеу, тұқым шаруашылығын дамыту, аграрлық секторды цифрландыру және еңбек өнімділігін арттыру қажеттігін айтты.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахимжанов еңбекақы төлеу, мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет шығыстарын бақылау, сондай-ақ халық табысының ішкі сұранысқа ықпалы мәселелерін қозғады. Ол партияның ұстанымына негізделген басты қағидаттарды атап, сайлауалды уәделердің орындалуына қоғамдық бақылау жүргізудің маңызын айтты.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов азық-түлік, медицина мен білімнің қолжетімділігі, монополияларды реттеу және шағын бизнесті қолдау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ алимент қорын қайтарылған заңсыз активтер есебінен қаржыландыруды ұсынды.

Үгіт-насихаттың соңғы күнінің алдындағы күн партиялар басымдықтарының әлі де әртүрлі екенін көрсетті. Олар ауыл шаруашылығын қолдау мен халық табысын арттырудан бастап, экологиялық күн тәртібіне, әлеуметтік кепілдіктерге және бюджет шығыстарын бақылауға дейінгі мәселелерді қамтыды. Қорытынды дебатта жеті партияның өкілдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Айта кетейік, үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін тыныштық күні өтеді, ал 23 тамызда дауыс беру болады.