Құрылтай сайлауы: Прагадағы қазақстандықтардың 80%-дан астамы дауыс берді
ПРАГА. KAZINFORM — Прагадағы қазақстандықтар Құрылтай сайлауына белсенді қатысып жатыр.
Қазақстаннның Чех Республикасындағы елшілігі жанынан құрылған № 437 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауына дауыс беру белсенді өтіп жатыр.
Сайлау учаскесіне Чехияда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан, білім алып, еңбек етіп жүрген, сондай-ақ демалыс және емделу мақсатымен келген Қазақстан азаматтары келіп, өз таңдауын жасауда.
Студенттердің бір бөлігі жазғы каникулда болғанына қарамастан, жастардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары. Учаске өкілдерінің айтуынша, бұған дейін Қазақстан азаматтары, оның ішінде жастар арасында сайлауға қатысу тәртібі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Прагада жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының VII–VIII шақырылымдарының депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Бибігүл Жексенбай да № 437 сайлау учаскесінде дауыс берді.
— Елден жырақта жүрсек те, Қазақстанның болашағына қатысты таңдау жасау — әр азаматтың конституциялық құқығы әрі азаматтық жауапкершілігі. Саяси институттар жаңарғанымен, мемлекеттің негізгі тірегі — саналы әрі белсенді азамат. Сондықтан шетелде жүрген отандастарымыздың, әсіресе жастардың сайлауға белсенді қатысып жатқанын көру қуантады, — деді Бибігүл Жексенбай.
№ 437 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы дауыс беру басталған сәттен бері азаматтардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлаушылардың әртүрлі санаттары, соның ішінде студенттер мен жастар сайлау учаскесіне тұрақты келіп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, осы учаскеде дауыс беруге тіркелген Қазақстан азаматтарының 80 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерді.
— Біз үшін маңызды көрсеткіштердің бірі — жастардың белсенділігі. Сайлау қарсаңында азаматтарға дауыс беру тәртібі мен учаскенің жұмысы туралы қажетті ақпарат берілді. Соның нәтижесінде бүгін жастардың да сайлауға жауапкершілікпен қатысып отырғанын көріп отырмыз, — деді № 437 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы.
Айта кетейік, Прагада дауыс беру әлі жалғасады. № 437 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00–ге дейін жұмыс істейді.
Сайлау комиссиясының өкілдері дауыс беру аяқталғанға дейін учаскеге келетін азаматтар саны әлі де артуы мүмкін екенін атап өтті.
Бұған дейін Иорданиядағы қазақстандық студенттер сайлауға қатысудың маңызы туралы айтты.