Құрылтай сайлауы ресейлік сарапшылардың жоғары бағасына ие болды
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Құрылтай сайлауы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде өткен дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы болды. Қатысушылар дауыс беруді ұйымдастыруға, саяси бәсекелестікке, елдегі реформаларға және қазақ-ресей ынтымақтастығын дамыту перспективаларына баға берді, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Дөңгелек үстелді ашқан Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс берудің алдын ала қорытындыларымен таныстырды.
— Сайлау қазіргі Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа кезеңді ашады, бұл мемлекеттің жаңартылған конституциялық моделіне көшуді білдіреді, — деді Дәурен Абаев.
Ресей Федерациясы Федералдық Кеңесі Халықаралық істер комитеті төрағасының бірінші орынбасары Андрей Денисов өткен сайлауды «үлгілі» деп бағалап, сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын атап өтті.
— Сайлаушылардың 70 пайыздан астамы дауыс беруі қоғамның әлеуметтік тұрғыдан кемелденгенін және ішкі саяси үдерістердің тиімді басқарылатынын көрсетеді, — деді ол.
Сенатордың айтуынша, сайлаудың аяқталуын саяси үдерістің соңы емес, Қазақстан дамуының келесі кезеңіне өтуі ретінде қарастыру қажет. Осыған байланысты ол Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың жалғасып, қалыптасқан байланыс тетігінің сақталатынына сенім білдірді.
Ресей СІМ ТМД елдері жөніндегі үшінші департаментінің директоры Александр Стерник сайлауалды науқанның сипаты мен саяси мәдениеттің деңгейіне ерекше тоқталды.
— Науқан еркін әрі әділ өтті. Сайлау толығымен ашық жағдайда өтіп, оның заңдылығына ешкім күмән келтірген жоқ, — деді дипломат.
Оның айтуынша, сайлау науқаны кезіндегі саяси мәдениеттің жоғары деңгейі және тіркелген жеті партияның басым бөлігінің арасындағы бәсекелестік ерекше әсер қалдырған.
— Барлық партия арасындағы бәсекелестік өркениетті пікірталас аясында өтті. Мұны біз өз бақылаушыларымыз арқылы білеміз. Мұны достас елдерден келген байқаушылар миссияларының қорытындылары да көрсетіп отыр, — деді ол.
Александр Стерник сондай-ақ ШЫҰ, ҰҚШҰ және Ресей мен Беларусь Одақтық мемлекеті өкілдері қатысқан халықаралық байқаушылар миссияларының берген бағасына назар аударды.
«Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі, саясаттанушы Константин Калачев Қазақстан Президентінің тұрақтылық пен даму мәселесін үйлестірудің жолын тапқанын атап өтті.
— Жүргізілген саяси реформа да мұны растайды, — деді сарапшы.
Оның пікірінше, Қазақстанның сайлау және партиялық-саяси жүйесі ұлттық ерекшелікті, қоғам мен биліктің сұраныстарын, болашаққа ұмтылысты және прогреске деген талпынысты көрсетеді.
— Қазақстанның сайлау жүйесі мен партиялық-саяси жүйесі ұлттық ерекшелікті, қоғам мен биліктің сұраныстарын, болашаққа ұмтылысты және прогреске деген талпынысты көрсетеді. Ешкім бұл сайлаудың легитимділігіне күмән келтіре алмайды, ол барлық азаматтың игілігіне бағытталған жаңа реформалардың бастауы болады, — деді ол.
Іс-шара аяқталған соң Константин Калачев Қазақстандағы сайлау науқанына қатысты пікірін өзінің Telegram-арнасында жалғастырды.
Саясаттанушының пікірінше, Қазақстанда өткен сайлаудың тәжірибесі болашақта Ресей үшін де қызығушылық тудыруы мүмкін.
— Меніңше, болашақта бұл сайлаудың тәжірибесі Ресей үшін де пайдалы болуы мүмкін. Біріншіден, мұнда көп қадамды саяси тәсіл, заманауи технологияларды тиімді пайдалану, сондай-ақ қоғам құндылықтары мен ақпараттық мазмұнға басымдық беру жоғары деңгейде көрсетілді. Екіншіден, қоғамның сұраныстары ескеріліп, тұрақтылық пен дамуды қатар қамтамасыз ету мәселесіне жауап берілді, — деп жазды Калачев.
Сарапшы сондай-ақ Қазақстанның партиялық-саяси жүйесі ішкі және сыртқы легитимділікке ие болғанын, ал сайлаушылар жүргізіліп жатқан саяси реформаны қолдағанын атап өтті.
Қазақстандағы сайлау учаскелерінде болған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Халықаралық мониторинг және демократияны зерттеу орталығының сарапшысы, халықаралық бақылаушы Алексей Власов дауыс беру барысына қатысты өз байқауларымен бөлісті.
— Сайлау тыныш әрі қалыпты жағдайда өтті. Аумақтық сайлау комиссиялары қызметкерлерінің жоғары біліктілігі байқалды. Халықаралық бақылаушылардың әрбір сұрағына сайлау учаскелерінің қызметкерлері кәсіби түрде жауап беріп отырды, — деді халықаралық бақылаушы.
Оның айтуынша, сайлау учаскелеріне әртүрлі жастағы Қазақстан азаматтары келді. Олардың арасында жастар көп болды, кейбірі сайлауға алғаш рет қатысты. Аға буын өкілдері де дауыс беруге белсенді қатысты.
— Сайлау учаскелеріне Қазақстан азаматтарының әртүрлі буыны келді. Біреулер бірінші рет дауыс берді, жастар көп болды. Өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар да бар. Ең бастысы — Астананың құбылмалы ауа райына қарамастан, барлығының көңіл-күйі жақсы болды, — деді ол.
Сарапшы сондай-ақ сайлауалды науқанның қысқа мерзімде өткенін ескере отырып, ұйымдастырушылардың ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.
— Сайлауалды науқанның қысқа мерзімде өткенін ескерсек, сайлауды ұйымдастырушылардың орасан зор жұмыс атқарғаны анық, — деді халықаралық бақылаушы.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Қазақстан азаматтарын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтады.
Бұған дейін италиялық сарапшы өз елі мен Қазақстандағы сайлауда қандай зор айырмашылық бар екенін түсіндірді.