Құрылтай сайлауына 35 жасқа дейінгі 67 жас кандидат қатысып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар ғылыми зерттеу орталығының басқарма басшысы Балгүл Мәмен жалпыұлттық онлайн-марафон барысында жастар белсенділігі жайында айтты.

Дауыс берушілер легі артып, сайлау учаскелеріне келушілер көбейіп келеді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Оның сөзінше, қазіргі жастардың сайлауға қатысуда белсенділігі жоғары.

— Қазақстан — демографиялық жағынан жас мемлекет. Бұрынғы буын мен қазіргі жастардың сайлауға және саяси процестерге деген көзқарасы мен белсенділігі өте жоғары, — дейді ол.

Балгүл Мәмен атап өткендей, зерттеулерге сәйкес, елімізде жастардың 67,6 пайызы сайлауды маңызды деп санайды.

— Бұл тұста жастар сайлаушы емес, кандидат ретінде көргісі келеді. Құрылтай сайлауына кандидаттар тізіміндегі 545 кандидаттың 67-сі — 35 жасқа дейінгі жастар, яғни бүгінгі жастардың тенденциясы — қызығушылықтан қатысуға, қатысудан жауапкершілікке бастайды, — деді спикер.

Бұған дейін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де ел аумағындағы сайлау учаскелері жабылып, комиссиялар дауыстарды санауға кірісті.

20:00-дегі жағдай бойынша Құрылтай сайлауында 9 млн 350 мың адам дауыс берді.