Құрылтай Спикері Жогорку Кенештің Төрағасымен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — ТүркПА-ның отырысы шеңберінде Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесті.

в
Фото: @quryltairesmi

Айбек Дәдебай әріптесін Қырғызстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтап, қонақжай пейілі үшін ризашылық білдірді. Сондай-ақ Қырғызстан Парламентімен екіжақты қарым-қатынасты Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңес, достық тобы және салалық комитеттер аясында барлық деңгейде одан әрі дамыту Құрылтай үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

в
Фото: @quryltairesmi

– Президенттеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың саяси ерік-жігері мен сындарлы саясатының арқасында елдеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Бұл Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартта көрініс тапты. Бүгінгі мақсатымыз – Президенттеріміздің уағдаластықтарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, – деп атап өтті Құрылтай Төрағасы.

Айбек Дәдебай қырғыз әріптесіне Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және конституциялық реформалар туралы ақпарат берді. Жаңа Халықтық Конституцияға сәйкес, бір палаталы Құрылтай, Вице-президент институты және мүлде жаңа консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі құрылды.

а
Фото: @quryltairesmi

Өз кезегінде Марлен Маматалиев Қазақстан мен Қырғызстан басшыларының екіжақты негізде де, көпжақты алаңдарда да өзара түсіністігі мен табысты іс-қимылын атап өтті. Жогорку Кенештің Төрағасы қазақстандықтарды жүргізілген реформаларға қатысты құттықтап, Құрылтай депутаттарына жемісті жұмыс тіледі.

а
Фото: @quryltairesmi

Тараптар заң шығару қызметіндегі тәжірибе алмасуды одан әрі кеңейту, түрлі парламентаралық ұйымдар мен халықаралық бірлестіктер аясындағы бірлескен жұмысты күшейту мәселелерін де талқылады. Музыка, театр, кино және спортты қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға да ерекше назар аударылды.

Айта кетейік, «Әділет» партиясы Құрылтай депутатының бос мандатына кандидатура ұсынды.