Құрылтай заң қабылдады: Ресейден қандай мұнай өнімдері жеткізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «2010 жылғы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы екі оқылымда қаралып қабылданды.
Хаттамаға 2024 жылғы 27 қарашада Астана қаласында қол қойылды. Оның негізгі мақсаты – 2024 жылғы 1 қаңтарда қолданылу мерзімі аяқталған келісімнің қолданысын қайта бастау және екіжақты ынтымақтастықтың жекелеген ережелерін жаңарту.
Хаттамада:
- Келісімнің қолданысын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға тарата отырып қайта бастау;
- мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативтік теңгерімдерін жыл сайын келісу тетігін сақтау;
- екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы ақпарат алмасуды жалғастыру;
- Келісім шеңберінде жеткізілетін мұнай өнімдерінің пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру;
- Келісімнің қолданылу мерзімін 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту және Тараптардың қарсылығы болмаған жағдайда оны кейіннен бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзарту көзделген.
- Қазақстан үшін бұл Келісім энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақты жұмыс істеуі тұрғысынан маңызды. Құжат екі мемлекеттің құзыретті органдарының іс-қимылдарын үйлестіру үшін халықаралық-құқықтық негізін қалыптастырады және мұнай өнімдерінің тапшылығы туындаған жағдайда қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.Хаттама ратификацияланбаған жағдайда, екі мемлекеттің арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу мәселелері бойынша үкіметаралық үйлестірудің халықаралық-құқықтық тетігі өз күшін жояды. Бұл жеткізілімдердің болжамдылығын төмендетуге және ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тапшылығына әкеледі, - деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, Хаттаманы ратификациялау шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарына өкілеттіктер беруді көздемейді, Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етпейді, республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды қажет етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе экологиялық салдарға әкеп соқпайды.
Қазақстанның ішкі нарығы
Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің мәліметінше, хаттамада осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетіні белгіленген. Хаттамаға сәйкес Келісімнің қолданылуы 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылады.
Құжат бойынша жеткізудің индикативті баланстарын жыл сайын келісу тетігі, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында ақпарат алмасу, сондай-ақ Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін бажсыз импорттау мүмкіндігі сақталады.
Бажсыз режимді сақтау Қазақстанның ішкі нарығының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін практикалық маңызға ие. Бұл ретте, 2026 жылы күтілетін үнем шамамен 30 млрд теңгені, соның ішінде бензин бойынша – 5,59 млрд теңге, дизель отыны бойынша – 15,75 млрд теңге, авиациялық отын бойынша – 8,61 млрд теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, келісімнің қолданылуын қайта бастау мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативті балансын қалыптастыру кезінде ынтымақтастық үшін халықаралық-құқықтық негізді қамтамасыз етеді.
Осылайша, Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жалғастыру үшін ғана емес, сонымен қатар мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақтылығын және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қолдау үшін де маңызды.
Бұл тұрғыда министр депутаттар сауалына жауап беру кезінде Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу режимін сақтаудың Қазақстан үшін қандай экономикалық артықшылығы бар екенін түсіндірді.
- Негізі екі оң әсерін көріп тұрмын. Біріншіден, керек болған кезде біздің ішкі нарығымызды толықтай сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуі. Осы келісімшарт бізге осындай мүмкіндікті береді. Мысалы, бүгінде бізде дизель отынында кейбір тапшылықтар болған кезде Ресей Федерациясынан қажет көлемді алып келеміз. Екіншіден, осындай келісімшарт екі елдің арасында болмаса, біз осы әкету кедендік баждарын Ресей Федерациясының бюджетіне төлейтін едік. Осы келісімшартпен біз 30 млрд теңгеден қаражатты жылына өзімізде сақтап отырмыз. Ресей Федерациясының бюджетіне төлемей, біз екі елдің арасында осы экономикалық және әлеуметтік қарым-қатынасымызды сақтап, одан әрі арттырып отырмыз, - деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын авиациялық отынмен қамтамасыз етуге қатысты белгілі бір қиындықтарға тап боламыз. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан шамамен 300 000 тонна авиациялық отын импорттаймыз. Ал бұл келісім отынды баж салығынсыз әкелуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, жақында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында қолданыстағы зауыттарды жаңғырту және жаңа төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралған кеңес өткізді.