Құрылтай заң қабылдады: Сингапурда банктегі шоттарды анықтау тетігі жеңілдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

президенттің Сингапурға сапары
Коллаж: Kazinform/ freepik.com

Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы осы келісімге 2025 жылғы 8 қыркүйекте Сингапурда қол қойылды.

- Бүгінде Қазақстан мен Сингапурдың арасында қарым-қатынас қарқынды түрде дамып келеді. Бұл сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық бағыттарды қамтиды. Тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады. Екіжақты өзара іс-қимылдың тереңдеуі аясында бұл келісімнің құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамытудағы рөлі ерекше. Келісім құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібін айқындап, қылмыстан түскен табыстарды тәркілеу, банктегі шоттарды анықтау, сараптама жүргізу және адамдардан дәлелдемелер алу сияқты процестік әрекеттерді жүргізуді көздейді, - деді Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.

Шартта көмек көрсетуден бас тартудың негіздері де көрсетілген. Олардың арасында:

- көмек саяси сипаттағы қылмысқа немесе әскери қылмысқа қатысты сұратылса;

- көмек тараптардың ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе;

- көмек көрсету егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке және басқа да ұлттық мүдделерге зиян келтіретін болса, шартты орындаудан бас тартуға болады.

- Кез келген көмекті әр тарап өзінің заңнамасына сәйкес орындайтын болады. Қазіргі уақытта осындай келісімшартты 35 мемлекетпен бекіттік, - деді ол.

Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметіне қарағанда, келісім Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасының құзыретті органдарының қылмыстық істерді тергеп-тексеру әрі қарау кезіндегі ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ екінші Тараптың аумағында дәлелдемелерді жедел алудың және қажетті процестік әрекеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Құжатқа сәйкес өзара құқықтық көмек, атап айтқанда, дәлелдемелер алу, тінту және өзге де процестік әрекеттер жүргізу, банктік шоттар туралы ақпарат алу, қылмыстық жолмен алынған табысқа қатысты шаралар қабылдау, сараптамалар жүргізу, сондай-ақ айғақтар алу мен тиісті процестік әрекеттерге адамдардың қатысуын қамтамасыз ету мақсаттарында көрсетілуі мүмкін.

Бұған дейін Қазақстан мен Сингапур әуе қатынасын кеңейтіп, жүк тасымалын арттыратынын жазған едік.