Құрылтайда экономикаға қосымша қаржы құю және бизнесті қолдау шаралары талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайда Қаржы және бюджет комитетінің тақырыптық отырысы өтіп, онда қор нарығын инвестиция ретінде құю, бизнесті қолдау және экономикаға қосымша қаржы тарту мәселелері қаралды.
Жиында Дания Еспаева Президенттің биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді еске салды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың жаңа моделіне көшуді қамтамасыз ету керек. Ол үшін жинақталған барлық қаржы ресурстары экономиканың нақты секторын дамыту үшін белсенді пайдаланылуы қажет.
— Президент бюджет пен даму институттарының мүмкіндігі Қазақстан экономикасын ұзақ мерзімді қаржыландыру қажеттілігіне жетпейтінін атап өтті. Сондықтан барлық қолда бар капитал көзін — банк ресурстарын, бағалы қағаздар нарығын, даму институттарын, халықаралық қаржы ұйымдарын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесінің активтерін тарту қажет. Мемлекет басшысы қаржы ресурстарын ұлғайтып қана қоймай, оларды инвестицияға, өндіріске және жаңа жұмыс орындарына түрлендіру бойынша тиімді тетіктер құру міндетін қойды, — деді Құрылтайтөрағасының орынбасары.
Оның сөзінше, бұл жүйеде капитал нарығының рөлі ерекше. Соған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі міндеттерге сай келеді. Заң жобасында экономиканы ұзақ мерзімді несиелеу және бизнесті қаржыландырудың қосымша көздерін жұмылдыру тетіктері бар.
Сонымен бірге, Дания Еспаеваның мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы Жолдауында капитал нарығының мүмкіндігін едәуір кеңейту және жекеменшік кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді пайдалануға ынталандыру қажеттілігіне баса назар аударды. Бүгінде отандық қор нарығының көлемі 200 миллиард АҚШ долларынан асады. Алайда қаражат артқан сайын экономикаға құйылатын нақты инвестициялардың көлемі де ұлғайғаны маңызды. Түсінікті тілмен айтқанда, қордағы ақша құр жатпай, ел игілігіне жұмсалуы және еселеп пайда әкелуі керек.
— Әзірленіп жатқан Капитал нарығы туралы заңға қойылатын негізгі талап — нарықтық инфрақұрылымды формальды дамытудан ұзақ мерзімді инвестиция тартудың пәрменді тетіктерін құруға көшу. Жаңа заң отандық қор нарығын ішкі және сыртқы инвестициялар үшін болжамды әрі тартымды құралға айналдырып, инвестициялық қаржы жүйесіне деген сенімнің берік негізін қалауы тиіс, — деді ол.
Бұл мақсатқа жету үшін орындалуы тиіс міндеттерді де санамалап айтып берді:
· Біріншіден, қазақстандық компаниялардың қор нарығына шығуын барынша жеңілдету керек. Қаржы реттеушісіне түсінікті және қолжетімді IPO рәсімдерін қарастыру, шағын және орта бизнес үшін қаржыландыру тарту мүмкіндіктерін кеңейту, борыштық құралдарды дамыту қажет. Орта бизнестегі компаниялар үшін әкімшілік және реттеуші кедергілерді азайтуға ерекше мән берген дұрыс. Бұл ретте рәсімдерді оңайлату эмитенттердің ашықтығы мен инвесторларды қорғауға қойылатын талаптардың төмендеуіне әкелмеуі тиіс;
· Екіншіден, инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету және отандық капитал нарығына деген сенімді арттыру қажет. Жұмыс ережелері нарықтың барлық қатысушыларына түсінікті, болжамды әрі бірыңғай болуы керек. Ақпарат ашудың дұрыстығын, талаптардың сақталуын тиісті түрде бақылауды және бөлшек сауда инвесторларының құқығын қорғаудың тиімді тетіктерін қамтамасыз ету қажет. Өйткені, инвесторлар сенімі арқылы ғана ұзақ мерзімді капиталдың тұрақты ағынын қамтамасыз етуге болады.
Әйтсе де, Дания Еспаеваның сөзінше, капитал нарығын дамыту Мемлекет басшысы айқындаған тағы бір маңызды міндетті — банктер тарапынан инвестициялық кредит беруді жандандыру мәселесін алмастырмауы тиіс.
— Президент Жолдауында банктердің басты миссиясы — бизнеске инвестициялық кредит беруге белсенді қатысу екенін нақты атап өтті. Бүгінде Қазақстанның банк жүйесінің қаржылық әлеуеті айтарлықтай жоғары. Банктердің активтері 75 триллион теңгеден, ал депозиттер көлемі 52 триллион теңгеден асты. Алайда жинақталған қаражат өндіріс пен экономиканы дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестицияларға әзірге жеткілікті деңгейде жұмсалмай отыр, — деді ол.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінде банк секторы үшін корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемелері қарастырылғанын атап өтті. Нақты сектор мен бизнеске несие беруден түсетін табысқа 20 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Ал басқа табыс түрлеріне 25 пайыздық мөлшерлеме белгіленген. Осылайша, банк ресурстарын экономикаға бағыттауға қосымша салықтық ынталандыру тетігі жасалды. Алайда салық саласында ынталандыру шаралары жеткіліксіз.
— Бизнеске инвестициялық несие беруді тиімді әрі тартымды ететін реттеушілік ынталандырудың кешенді жүйесін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің бос өтімділігін басқарудың қосымша тетіктерін пысықтауы керек. Атап айтқанда, макропруденциялық құралдарды қолдану, резервтеу мен капиталға қойылатын талаптарды жетілдіру, сондай-ақ өндірістік және инвестициялық жобаларды кредиттеуді ынталандыратын өзге де реттеушілік шараларды енгізу мүмкіндіктерін зерттеу қажет, — деді Дания Еспаева.
Ол мұндай шаралар банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын сақтауды және несиелік сын-қатерлерді ескеруі тиіс екенін айтты. Сонымен қатар, банктердің, даму институттарының, халықаралық қаржы ұйымдарының және БЖЗҚ активтерін қолдана отырып, негізгі салаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін жеке пысықтау қажет. Өйткені бұл экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың қосымша көздерін қалыптастыруға және инвестициялық жобалардың тек бюджет қаражатына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев банктердегі жинақтарды экономиканы дамытуға бағыттауды тапсырғанын жазғанбыз.