Құрылтайда заң жобасын үш оқылымда қарау процесі қаншалықты тиімді – депутат жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Заң жобасын үш оқылымда қарау тәртібі құжатты қабылдау процесін ұзартып жібермей ме? Бұл сұраққа Құрылтайдың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында депутат Снежанна Имашева жауап берді.

Құрылтайда заң жобасын үш оқылымда қарау процесі қаншалықты тиімді
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Естеріңізде болса, бұған дейін Мәжіліс заң жобаларын көбіне екі оқылымда қарайтын еді. Содан кейін құжат Сенатқа бағытталатын. Енді қазіргі бір палаталы жүйені ескере отырып, бұл үш оқылым заңның сапасын жақсарту үшін, құжатты жан-жақты қарау үшін енгізілді, - деді С. Имашева.

Бұл тұрғыда ол үш оқылымда қарау заңды қабылдау процесін ұзартпайтынын айтты.

- Себебі, бірінші оқылымда құжат жобасының мазмұны қаралады, жалпы ережелері мен халыққа әсері талқыланады. Бірінші оқылымға шығару үшін жауапты тұрақты комитет 90 күннен асырмауы керек. Ал енді бірінші және екінші оқылымның арасында депутаттардың ұсыныстары, түзетулер егжей-тегжейлі зерттеледі. Сондай-ақ екінші және үшінші оқылым арасында 15 күн мерзім бар. Бұл ретте ауқымды өзгертулер қаралмайды, яғни тек заң техникасы, заңдардың өзара сәйкестігі пысықталады. Сондықтан үш оқылым заңның сапасын қамтиды және тым ұзақ талқылауын болдырмайды, - деді депутат.

Бұған дейін Құрылтайда заң жобалары үш оқылымда қаралатынын жазған едік.