Құрылтайға қатысты сайлау бюджеті қалай есептеледі – ОСК жауабы
АСТАНА.KAZINFORM – Алдағы Құрылтайға қатысты сайлау бюджеті биыл көктемде өткен референдумға жұмсалған шығындардан асып түсуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәлім етті.
Оның айтуынша, алдағы сайлауға кететін шығындар Құрылтайды сайлау мерзімі жарияланғаннан кейін есептеледі.
— Дәл қазір нақты соманы айтуға негіз жоқ. Бұл ретте Құрылтайды сайлау күні белгіленгені маңызды. Осыдан кейін сайлауға дайындалатын күндердің саны да назарға алынады. Мұнымен қоса, комиссия мүшелерінің жұмыс істейтін күндері де назарға алынады. Демек, осының бәрін ескере отырып, олардың алатын жалақысы есептеледі, - деді Ш. Өтемісов Парламен палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, сайлау кезеңінде ел бойынша сайлау комиссиясының 70 мыңнан астам қызметкері жұмыс істейді. Сондықтан бөлінген бюджеттің едәуір бөлігі олардың жалақысына жұмсалады.
Бұл ретте ОСК хатшысы Құрылтайды сайлау бюджеті жаңа Конституция бойынша жақында өткен референдумның бюджетінен көбірек болуы мүмкін екенін атап өтті.
— Менің ойымша, бұл сәл артық бөлінуі мүмкін. Барлығы сайлау датасын жариялауға байланысты болады, - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.