Күріш өңдеушілер қымбат қондырғыны сатып алуға субсидия сұрап отыр
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылордада алдағы уақытта оңтүстіккореялық қондырғының көмегімен күріш қауызы өңделуі мүмкін. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңесінде айтылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Күріш қауызында лигнин элементінен құтылудың екі ғана жолы бар: күріш қауызын майдалап турау және қатты қысыммен қысуарқылы формасын бұзу. Ізденіс нәтижесінде, оңтүстіккореялық компанияда күріш қауызын түрлендіретін қондырғы бар екенін білдік. Бұл қондырғыда лигниннен құтылудың 2 түрі де бар, яғни майдалап турау және қатты қысыммен қысу арқылы күріш қауызының лигниндік байланысын бұзып, күріш қауызының қасиеттерін өзгертуге болады. Нәтижесінде пайда болған күріш қауызы оңай шіриді, мал азығына қоспа ретінде пайдаланғанда мал тітіркенбей жейді және асқазанда жеңіл қорытылады», - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ғалымбек Жақсылықов.
Атап өтілгендей, мұндай қондырғыны Оңтүстік Кореяның күріш өңдеушілері кеңінен қолданады. Қызылорда облысында осы қондырғыны бірнеше компания сатып алуға ниетті, бірақ бағасы қолжетімді емес - 100-180 мың еуро.
«Өңіріміздің экологиялық проблемаларының бірі болып табылатын күріш қауызын кәдеге жарату мәселесінің жалғыз шешімі ретінде отандық өңдеушілерге күріш қауызын түрлендіретін DPX-30 қондырғысын ұсынған болар едік. Сонымен қатар, күрішшілерді аталмыш қондырғыны алуға ынталандыру мақсатында, оның құнының 50 пайызын субсидиялау туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныс беріп отырмыз», - деді ол.
Жоғарыда аталған технологиямен күріш қауызын өңдеген жағдайда, күріш компанияларының кірісі өсіп, экологиялық мәселе шешімін таппақ.
Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан қажетті құрал-жабдықты жеткізуші кореялық, қытайлық және германиялық компаниялармен байланыс орнатып беруге дайын екендіктерін жеткізуде.
Шара барысында мұнан басқа, палатаның жыл бойына атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктері баяндалды.