Күріш тапшылығы болуы мүмкін бе

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елімізде күріш бағасы екі жылда 25 пайызға артқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірдегі топырақтың тұздылығы әсерінен күріш пен жоңышқадан басқа дақылдар өсе қоймайды. Облыс халқының 60 пайызы ауылдарда тұратындықтан, олардың негізгі табыс көзі – күріш егу. Табиғи климаттың жағдайына қарай күріш өсіру бағыты таңдалған. Сырдария өзені бассейніндегі су тапшылығын ескеріп, кейінгі 2 жылда суды аз қажет ететін мал азығы және бақша өнімдерінің егіс көлемін ұлғайтып, күріш көлемін 11 мың гектарға азайттық. Осының салдарынан өңірде өндірілетін өнімнің көлемі мен халықтың табысы біршама төмендеп, шаруашылықтардың берешек қарызының өсуі және тұзданған егістің жер көлемінің ұлғаюы болды. Республикада күріштің бағасы 25,8 пайызға өсті.

Сарапшылар оңтүстік-шығыс Азия елдерінде және Ресейдің Краснодар өлкесінде күріш егістігінің көлемі азайып, өнім тапшылығы 8,7 млн тонна болатынын, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің сарапшылары 2024 жылы күрішке сұраныс артып, бағаның өсетінін мәлімдеп жатыр», - деді Қызылорда облысының әкімі.

Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев күріш өнімінің көлемі туралы айтты.

«Жалпы, еліміздің ішкі нарығы күрішпен толықтай қамтамасыз етілген. Сонымен қатар оның бір бөлігін шетелге экспорттап жатырмыз. Сондықтан күріш тапшылығы мен бағаның күрт шарықтауы болмайды. Фермерлер күрішті уақытылы екті. Осы орайда биыл жақсы өнім болады деп санаймыз. Өнім жақсы болса, күріш бағасының 2-3 есеге өсуіне әсер ететін факторлар жоқ», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар