Құрлық әскерлерінің ең мықты боксшысы анықталады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24-28 ақпан аралығында Астана қаласында «Жас ұлан» мектебінің спорт кешенінде Құрлық әскерлерінің бокстан ІІ ашық чемпионаты өтіп, мұнда әр салмақ дәрежесіндегі мықты спортшылар анықталады, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Құрлық әскерлерінің ең мықты боксшысы анықталады (ФОТО)

«Әр әскери қызметші үшін бокс - күш пен төзімділікті жаттықтыру ғана емес, сонымен қатар мінез-құлықты, ерікті шынықтырып, табандылық пен батылдықты тәрбиелеудің, ештеңеге қарамастан жеңіске жетуге үйренудің жолы болып табылады», - дейді ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев.

Құрлық әскерлерінде бұл чемпионат екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Биыл чемпионатқа ҚР Қарулы Күштерінің барлық түрлерінің, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері қатысады.

Чемпионат қарсаңында өңірлік қолбасшылықтарда, Қарулы Күштер түрлері мен әскер тектерінің әскери қызметшілері арасында іріктеу жарыстары өтті. Осылардан оза шыққан білекті боксшылар ашық чемпионатта ең мықты спортшы атағы үшін қолғап түйістіретін болады.