Құрлықтық xоккей лигасы Қазақстаннан екінші клубты қабылдауға дайын
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында Құрлықтық xоккей лигасының президенті Дмитрий Чернышенко лиганың құрамына Алматы қаласынан тағы бір клубты қабылдауға қатысты сұраққа жауап берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгін біз Асқар Сейдаxметұлымен ("Барыс" xоккей клубының президенті - авт.) аталған мәселені талқылап, өзара пікір алмастық. Сөз жоқ, бүгінде Қазақстан спорттық державаға айналып келеді. Сіздердің ҚХЛ деңгейіндегі екінші клубты ұстауға мүмкіндігіңіз де бар. Қазіргі кезде лига Шығысқа қарай кеңейіп келеді. Өткен жылы біздің қатарымызға қытайлық "Куньлунь" клубы қосылды. Команда дебютант болғанына қарамастан, биыл плей-оффқа да шықты. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Ал Қазақстанда дарынды xоккейшілер көп. Шыны керек, қаржылық жағдайыңыз да екінші клубты құруға мүмкіндік беріп отыр. Енді, біздің Шығысқа қарай бет алғанымызды ескерсек, алдағы уақытта Қазақстанның атынан тағы бір клуб шығуы әбден мүмкін. Біз оның бәрін бірлесіп шешетін боламыз. Өйткені арнайы процедура бар. Лигаға өтініш беру керек. Сол себепті Алматы қаласы сондай өтінішті жолдап, келіссөздерді бастай алады", - дейді Чернышенко.
Айта кетейік, бүгінде Құрлықтық xоккей лигасында Қазақстанның намысын бір ғана клуб қорғап жүр. Ол - Астана қаласының "Барыс" xоккей клубы. Ал аталған лигадан кейінгі Жоғарғы xоккей лигасында Қарағанды қаласының "Сарыарқасы" мен Өскеменнің "Торпедосы" өнер көрсетеді.