11:36, 20 Қаңтар 2025 | GMT +5
Құрманғалиев WTT YOUTH STAR CONTENDER TUNIS турнирінің қола жүлдесін иеленді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық спортшы Алан Құрманғалиев үстел теннисінен Тунистегі WTT Youth Contender Tunis халықаралық турнирін сәтті ақтады.

Отандасымыз 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жарыста ел намысын қорғады. Нәтижесінде Алан Құрманғалиев турнирді қола жүлдемен аяқтады.
Алан турнир барысында Италия өкілі Данило Фасоны 3:0, польшалық Рафаэль Формеланы 3:1, Ян Мругалды 3:0, чехиялық Степан Брельді 3:1 және Бельгия спортшысы Том Клоссетті 3:1 есебімен жеңді.
Алайда, жартылай финалда ол румыниялық Юлиан Чиритуден 0:3 есебімен жеңіліп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Құрманғалиевтің WTT Youth Contender турнирінің 1/8 финалына шыққанын хабарлаған едік.