Құрманғазы мен Қорқыт күйлері, халық әндері: сырбойылық өнерпаздар Париж төрінде өнер көрсетті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қазақстанның Франциядағы елшілігі және Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Париждегі атақты дипломатиялық залдардың бірі — Cercle de l’Union Interalliée ғимаратында Қызылорда облыстық филармониясының концерті өтті. Бұл туралы филармонияның баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдени шара Еуропадағы отандастар мен қандастардың басқосуы аясында мәдени байланысты нығайту және ұлттық өнер арқылы ұлт бірлігін дәріптеуді негіз етті.
— Сыр өңірінен арнайы барған шығармашылық ұжым көрерменге халқымыздың төл өнерін, дәстүрлі музыкасын, күй мен бидің озық үлгілерін ұсынды. Кеш шымылдығы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылып, Қорқыт мұрасы, халық әндері мен Абай шығармалары орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Концертті Франциядағы шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, көрнекті тұлғалары, Еуропаның бірқатар елінде тұрып жатқан қандастарымыз, сондай-ақ Париж қаласының тұрғындары тамашалады. Гастрольдік сапарға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев бастаған Сыр мәдениеті мен өнерінің насихатшылары, өнер ұжымдары мен әртістерінен құралған шығармашылық делегация барды.
Ғасырлар сырын сақтаған, Эйфель мұнарасы асқақтаған, Сена жағасында сан тағдыр мен сан өнер тоғысқан ғажайып шаһардың тұрғындары мен қонақтары ұлттық қолөнер туындыларын тамашалап, ұлттық музыкамыз бен әлемдік классиканың танымал шығармаларын тыңдауға мүмкіндік алды. Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын жоғары деңгейде насихаттаған өнер иелері көрерменнің зор ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді, — делінген хабарламада.
Жерлестеріміз Франция сапары кезінде сондай-ақ Эйфель мұнарасының жанында шағын концерт қойды. Филармония артистері Трокадеро алаңында қазақ әндері мен билерін орындады.
Жиналған туристер өнерпаздарға қосылып билеп, қазақ өнерін видеоға түсірді.
Бұрын біз Франция астанасында қазақ диаспорасы үшін маңызды шара — «Еуропа қазақтарының кездесуі» басталғанын хабарлаған едік.