Құрманғазы шығармалары күй тілімен жазылған қазақ өмірінің шежіресі - Мәдениет министрі
СТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Құрманғазының шығармалары күй тілімен жазылған қазақ өмірінің шежіресі. Бұл пікірді бүгін ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Құрманғазы атындағы VІІІ республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауының ашылу рәсімінде білдірді.
Мәдени шара барысында сөз сөйлеген Мәдениет министрі бүгінгі байқау еліміздегі ең қастерлі, ең қадірлі әрі кеңес заманынан бері келе жатқан конкурс екендігін атап өтіп, «Абайдың поэзиясы - бұл поэзия тілімен жазылған қазақ өмірінің энциклопедиясы болатын болса, Құрманғазының шығармалары күй тілімен жазылған қазақ өмірінің шежіресі. Бірде-бір құдірет дәл Құрманғазының күйлеріндей әр қазақтың жүрегінің төрінен орын ала алған емес», деді.
Қазақстанның батысында да, шығысында да, оңтүстігінде де, солтүстігінде де болмасын асып-төгіліп жатқан Құрманғазының аса бай мұрасы қай қазақтың болмасын жүрегінің кілтін табатындығын айтқан министрдің сөзіне қарағанда, әлемге әйгілі музыкатанушылар Құрманғазының шығармаларын өзінің құдіреттілігі, тереңдігі, алуан мазмұндылығы жөнінен әлемнің әйгілі композиторлары Бахтың, Гайднның, Моцарттың, Бетховеннің, Дебюсидің, Вагнердің шығармаларынан еш кем емес деп бағалаған. «Бұл Ахмет Жұбановтың монографияларында, зерттеулерінде жан-жақты ашып көрсетілді. Сондықтан бүгінгі конкурстың Құрманғазының атында болуы бұл қазақтың атындағы конкурс деген сөзбен пара-пар», дейді М.Құл-Мұхаммед.
Оның атап өтуінше, қазіргі Қазақстанның күй өнерін өрге сүйреп жүрген небір таланттардың өнер жолдары елімізде осымен сегізші мәрте өткізілгелі отырған конкурстың лауреаттығынан басталған. Бұл орайда министр байқаудың лауреаты болған Нұркен Әшіровтің Қазақстанда теңдесі жоқ тамаша домбырашылардың қатарына қосылғандығын тілге тиек етті.
«Сондықтан бүгінгі мынау сахнаға шығып отырған жас мұзбалақ қырандарға, көк қауырсындарға күй аспанына шығатын биіктердің шырқау көкте болсын, саусақтарыңа Құрманғазы аталарыңның құдіреті бітсін, қазақтың күй өнерін қазақ мәдениетінің төрінен әлем мәдениетінің төріне көтеруге ат салыса беріңдер», деген министр байқауға қатысушыларға сәт сапар тіледі.