Құрманғазының 200 жылдығына орай Қазақстан-Ресей ғылыми экспедициясы ұйымдастырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аты аңызға айналған дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбаевтың 200 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы мен Астрахан облысында халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат РФ елшілігіне сілтеме жасап.
Шараны Батыс Қазақстан облысының әкімдігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырды.
Экспедиция құрамына БҚО әкімдігі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, ақын-жазушылар мен өлкетанушылар, журналистер мен күйшілер кірді.
Олар Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Жанғалы, Қазталов аудандары мен Володар ауданының Алтынжар ауылында, яғни Құрманғазы Сағырбайұлы жерленген өлкеде ғылыми-танымдық және зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде күйшінің кесенесі мен оның атындағы халықаралық орталық бар.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Құрманғазының туғанына 200 жылдығын атап өту шаралары ЮНЕСКО-ның атаулы күндері мен мерейтойларының тізіміне енгізілді.