Құрметті миссияның ойдағыдай өткеніне қуаныштымын - Алау ұстаған Алматы тұрғынының пікірі

АЛМАТЫ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Еліміз бойынша Алау эстафетасында алауды 1020 адам қолына алмақ.

Құрметті миссияның ойдағыдай өткеніне қуаныштымын -  Алау ұстаған Алматы тұрғынының пікірі

Соның ішінде Алматыда 80 адамның бірі болып, алауды қолына ұстау бақыты маған бұйырды. Меніңше, Қазақстанның 20 жылдық тарихында бұл кез келген адамның пешенесіне жаза бермейтін мүмкіндік. Мыңдаған адамдардың ішінде мені таңдағандарына бақытты сезіндім. Құрметті миссия ойдағыдай өткеніне қуаныштымын. Алау эстафетасына қатысқан алаугер, Қазақ радиосының Ақпарат-сараптама бағдарламалар редакциясының шеф-редакторы Жылбек Сенбекұлы Керімбек осылайша өзінің сезімімен ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында бөлісті.

"Мен 7-Қысқы Азия ойындарының алауын - Қазақ тілінің мәртебесі үшін алып шықтым. 40 градус аязға шыдайтын, нөсерлетіп жауған жаңбыр мен дауылға төтеп беретін, айналасын қанатты алты барыс қоршаған Алауды қолыма ұстағанда ішімнен ұлттың рухы саналатын Қазақ тілі мәңгі жасасын деп тіледім. 7-Қысқы Азия ойындарының ұраны: «Мақсаты бірдің - рухы бір» деп аталады. Демек, тіл мәселесінде бәріміздің мақсатымыз да, рухымыз да, тілегіміз бір болуы тиіс. Біз кешегі кеңестік заманда тілінен түбегейлі айырылған түркі тілдес қарайым, қарашай, құмық, ғағауыз және тағы да басқа халықтардың кебін кимеуіміз керек. Сондықтан, тіліміздің мерейі әрқашан үстем болсын деп тілеймін!",-деді ол.

Қазақ радиосының жүргізушісі Жылбек Сенбекұлының пікірінше, Қазақстанның күшті спорт державасы болуына барлық мүмкіндіктер бар. "Әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық жағдайлар бар. Азия ойындарының өткізілуіне орай салынған спорттық нысандар елімізде бұқаралық спорттың дамуына, сонымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді деп ойлаймын",- деп атап өтті ол.