Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты құрылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, ғылыми қызметті үйлестіру және дамыту үшін алдын алу және қалпына келтіру медицинасының бірығай ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты құрылады», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомствоның нақтылай түсуінше, Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты негізінде Қазақстан шипажайларының емдік және оңалту қызметтерінің сапасын бағалау үшін қажетті шипажай-курорт саласын дамытудың нормативтік-құқықтық әрі әдістемелік базасын әзірлеу қарастырылған.
«Бүгінде республикада 170-тен астам шипажай-курорт ұйымы жұмыс істейді. Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты үшін шипажай-курорт ұйымдарындағы медициналық туризмді дамыту басым бағыт болады», - деп нақтылайды министрліктен.