Курсант өзін өлім халіне жеткізген офицерден 6 млн теңге талап етті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әскери соттың Алматы гарнизонында Әскери институттың курсанты Байтұрсын Балабектің ісі жалғасып жатыр.
Сот барысында жәбірленуші Балабек подполковник Айдар Қабеновтен моральды материалды шығын ретінде 6 млн теңге талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сот тыңдалымы кезінде айыпталушы Айдар Қабденов курсант Балабектің туа бітті жүрек ақауы болса да институтта оқып жүргенін айтып, ауруы туралы анықтаманы қабылдауды сұрады.
«Мен курсант Балабектің науқас физиологиясы үшін жауапты емес болатынмын. Балабектің барлық моралдық қиналғаны, психологиялық ахуалы, депрессияда жүрдім дегені ақылға кірмейді. Қалайша онда ол науқас бола тұра әскери институтқа оқуға түседі. Оның психологиялық жағдайы керемет екендігі жүргізілген сараптамаларда анықталды. Ол өзін өзі өлтіруге тырыспағаны көрініп тұр. Бұл жағдайда шантаж бен ақша басты болып тұр», - деді Қабденов.
Қабденовтың қорғаушылары Балабектің ешқандай медициналық шығынға батпай тұрып 6 млн сұрағанын заңға қайшы екенін дәлелдеуге тырысты.
Мемлекеттік айыптаушы Амангүл Жұманғалиева Байтұрсын Балабек моральдық тұрғыдан зақым алғанын айтып, өтінішті қабылдамауды айтты.
Сонымен қатар, Айдар Қабденов курсантты жалған мәлімет бергені үшін жауапқа тартуды өтінді.
Ол керісінше келтірген моральдық-материалдық шығынға өтеу ретінде 7,8 млн теңге талап етіп, курсантқа қарсы арыз түсірмек.
Алайда, сот оның өтінішін қанағаттандырмады.
Айта кету керек, десант факультетінің 9-рота курсанты Байтұрсын Балабек емтихан кезінде подполковник Айдар Қабденов қасақана нашар баға қойғаны үшін өзіне қол жұмсауға тырысқан. Айдар Қабденовтің курсанттан емтихан алып, баға қоюға қақысы болмаған. Осылайша оған қатысты өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, курсантты өлімге итермелеген деген айып тағылды.