Курсанттар парашютпен алғаш рет секірді
«Әуеге алғаш көтерілер алдында теориялық және жер үсті даярлығы өткізілді. Курсанттар тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен парашют жүйелерінің тактикалық-техникалық сипаттамаларын, күмбездің ашылуына дейінгі және ашылғаннан кейінгі парашютшілердің іс-қимылдарын зерделеді, жерге қону тәртібін пысықтады. Сынақ тапсырғаннан кейін ғана курсанттар секіруге рұқсат алды.
Курсанттар бірінші рет қарусыз және жол дорбасыз секірді. Уақыт өте келе парашюттік даярлық қарқыны өскен тұста курсанттар қарумен және толық жарақтарымен, түнде, күрделі жергілікті жер жағдайында немесе суға секіретін болады», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.
Курсанттармен бірге Құрлық әскерлері Әскери институтының бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Руслан Қабдулинов кезекті рет парашютпен секірді. Оның есебінде 170-тен астам парашютпен секіру тіркелген. Ол тәлімгер-офицер ретінде курсанттарға жеке үлгі көрсетуді өзіне парыз санайды.
«Курсанттар өздерімен бірге бір ұшақта парашютпен секіруге дайын командирлерін көрген кезде олардың моральдық-психологиялық жағдайы айтарлықтай нығайып, жауапкершілігі мен мақтаныш сезімін арттырады, өз күшіне деген сенімі нығаяды», - дейді полковник Қабдулинов.
Командалық пункттен курсанттардың секіруін Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Дәулет Оспанов және оның әуе-десанттық даярлық жөніндегі орынбасары полковник Виктор Житник бақылады. Десант түсіру іркіліссіз өтіп, барлық десантшылар қойылған міндетті орындай білді.