Курсантты өзіне қол салуға итермелеген подполковник сотталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Курсантты өзіне қол салуға итермелеген подполковник Айдар Қабденовтің ісіне нүкте қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әскери соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Айдар Қабденов ҚР ҚК 451-бабының 2-бөлігімен айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья ҚР ҚК 63-бабының 1-бөлімімен жазаны шартты етіп белгілеу туралы үкім шығарды», - деді баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, ҚР ҚК 49-бабының 1-2 бөлімдері бойынша Айдар Қабденовті «подполковник» шенінен айыру туралы шешім шығарылды.
Айта кету керек, өткен отырыста жәбірленуші курсант Байтұрсын Балабек сотталушыдан 6 млн теңге көлемінде моральдық-материалдық шығын талап еткен болатын.
Оның шағымын судья ішінара қанағаттандырды. Айдар Қабденовтен курсанттың пайдасына 300 000 теңге моральдық шығын өндірілді.
Айта кету керек, десант факультетінің 9-рота курсанты Байтұрсын Балабек емтихан кезінде подполковник Айдар Қабденов қасақана нашар баға қойғаны үшін өзіне қол жұмсауға тырысқан.
Іс материалдарына сәйкес, Айдар Қабденов курсанттан емтихан алып, баға қоюға қақысы болмаса да өз лауазымын асыра пайдаланған.
Жәбірленушінің айтуынша, мұғалімнің қыспағына шыдамаған ол дәріс залынан «асылып қаламын» деп шығып кеткен.
Оны естіген Қабденов кездескен кезде «әлі тірі жүрсің бе?» деп мұқатқан көрінеді.