Күршім ауданындағы таулы жерде шыққан өрттің таралуы тоқтатылды – ШҚО
ӨСКЕМЕН ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы таулы жерде шыққан өрттің таралуы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданының Құйған ауылдық округіндегі таулы жерді шарпыған өрт 6 шілде күні шыққан.
«7 шілдеде «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің МИ-2 тікұшағы жағдайды бақылау үшін оқиға орнына ұшып шықты. Әуеден барлау нәтижесі бойынша өрттің жалпы ауданы шамамен 20 гектарға жететіні анықталды. Қазіргі уақытта өрттің таралуы тоқтатылды, жекелеген нүктелерде сөндіру жұмыстары жүргізілуде», - делінген ақпаратта.
Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Жалынды ауыздықтауға Үлкен Нарын және Күршім орман шаруашылықтарынан, ТЖД өрт сөндіру қызметінен және жергілікті атқарушы органдардан 100-ден астам адам мен 15 техника жұмылдырылған.
Еске салсақ, кеше Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында таулы жерде шөп өртеніп жатқаны хабарланған.