Құрық паром порты -Транскаспий дәлізінің маңызды бөлігі
АСТАНА. Қазақпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановпен бірге осы өңірге жұмыс сапары барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы жобаларын іске асыру барысын тексерді. Мамин Құрық паром портының екінші фазасы құрылысының нысандарына барды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
Кешеннің бірінші кезегі 2016 жылы желтоқсанда іске қосылған. Темір жолды қоса алғанда, 44 нысан пайдалануға берілді. Бұл жүк вагондары тиелген паромдарды тәулік бойы қабылдауға мүмкіндік берді.
2017 жылдан бастап порт коммерциялық қызметті бастады, қазірде 93 кеме қабылданып, 400 мың тоннадан астам жүк түсірілді. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысының жолдауында Құрық порты құрылысының екінші фазасын іске асыру қажеттігі атап өтілді.
Құрық паром кешенін пайдалануға беру Қазақстанның теңіз қақпасын кеңейтеді және Транскапийлік халықаралық көлік маршрутының әлеуетін арттырады.
Сондай-ақ, А. Мамин облыстағы республикалық маңызы бар жолдарды қайта жөндеу бойынша жобалардың іске асырылуымен танысты.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында ұзындығы 167 шақырым Ақтау-Шетпе, ұзындығы 60 шақырым Шетпе-Сай Өтес сияқты автожолдар жобалары іске асырылуда. Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасын қайта жөндеу жұмыстарын бастады.
Сонымен қатар осы жылғы күзден бастап қарыз туралы келісімді ратификациялағаннан кейін ұзындығы 73 шақырым Жетібай-Жаңаөзен жолын жөндеу басталады.
А. Мамин осы жобаларды іске асыру мәселелерін қарады және өңірдің көлік әлеуетін арттыру үшін қысқа мерзімде автомагистральдарды жөндеуді аяқтау шараларын қабылдау тапсырылды.