Құрық және Ақтау порттары Иран мен Әзербайжаннан автопаромдарды уақытша қабылдамайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Құрық және Ақтау порттарындағы шектеу шараларының мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтік ведомствоаралық комиссияның шешімімен 5 наурыздан бастап Иран және Әзербайжаннан жеңіл автокөліктердің тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерге Ақтау және Құрық порттарының паромдарында көрсетілетін қызметті тоқтаттық», - деді Берік Қамалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, бұл шектеу шараларының жүк тасымалына қатысы жоқ.

«Ақтау және Құрық порттарынан Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын жүргізетін теңіз кемелерінің экипаждарының шығуына шектеу қойдық. Сонымен қатар халықаралық тасымалды жүзеге асыратын қазақстандық кемелердің экипаж мүшелерінің ауысымы кезіндегі санитарлық қызметтің бақылауын қатайттық. Теңіз әкімшілігінің бұйрықтарының бәрі Каспий теңізімен шектесіп жатқан елдердің барлық теңіз әкімшілігіне жолданды», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Берік Қамалиев 8 наурыздан бастап 1-ші санаттағы елдердің азаматтары Қазақстанға кіре алмайтынын мәлім еткен еді.



Соңғы жаңалықтар