Құрылыс істері агенттігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп, тұрғын үйлердің құрылысын салу және сату схемасын әзірледі
АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп, тұрғын үйлердің құрылысын салу және сату схемасын әзірледі.
Бұл туралы бүгін селектор форматындағы Үкімет отырысында аталмыш агенттіктің төрағасы Серік Нокин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталмыш схема бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үйді белгілі бір баға және ыңғайлылық класы бойынша сатып алғысы келетін салымшылардың пулын құрады. Банк жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үйлердің құрылысын салу жөнінде өтініштер жібереді. Ал жергілікті атқарушы орган республикалық бюджеттің несиелері есебінен инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген бұрын бөлінген жер телімдерінде тұрғын үйлердің құрылысын жүргізеді. Тұрғын үй пайдалануға берілген соң жергілікті атқарушы орган банктің салымшыларымен сатып алу-сату келісімшартын бекітеді. Өз кезегінде тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылардың қаражаттарын жергілікті атқарушы органдарға аударады. Жергілікті атқарушы орган несиені республикалық бюджеттен өтейтін болады. С. Нокин аталмыш схема бойынша ілкі жобаларды Астана мен Алматы қалаларында және Ақтөбе облысында жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап көрсетті.
«Осы әкімдіктердің деректері бойынша осы схема бойынша 1 шаршы метрдің құрылысының бағдарланған құны Алматы қаласында 142,5 мың теңгені немесе 950 долларды, Астана қаласында 121 мың теңгені немесе 807 долларды, ал Ақтөбе облысында 90 мың теңгені немесе 600 долларды құрайтын болады. Дейтұрғанмен құрылыстың түпкілікті құнын жобалық-сметалық құжаттама және мемлекеттік сараптама анықтайтын болады», деді С. Нокин.
Оның айтуынша, аталмыш жобаны іс жүзінде жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдары жүргізілген жер телімдерін бөлуі тиіс. Аталмыш үш өңірдің әкімдіктері мұндай жер телімдерінің барын растап отыр. «Ілкі жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы 2011 жылы жоғарыдағы өңірлер бойынша пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемі 50,1 мың шаршы метрді құрайды. Бұл 745 пәтер, оның 364-і - Астана, 285-і - Алматы, 96-сы Ақтөбе облысында», деді агенттік төрағасы.
Оның пайымдауынша, аталмыш өңірлердегі ілкі жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 7,7 млрд. теңге несиелік қаражат бөлу қажет. Оның ішінде 2010 жылы құрылысты бастауға 4,1 млрд. теңге, ал 2011 жылы құрылысты аяқтауға 3,6 млрд. теңге бөлінуі тиіс. Осылайша, 2011 жылдың соңына таман тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 745 салымшысы аталмыш схема бойынша салынған тұрғын үйлерді сатып алатын болады», деді С. Нокин.