Құрылыс нормаларынан ауытқыған 17 құрылыс субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Бұл туралы бүгін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-шаруашылығы істері агенттігінің алқа мәжілісінде Мемлекеттік сәулет-құрылыстық бақылау, қадағалау, лицензиялау және аттестациялау департаментінің директоры Ғалымжан Әбдірайымов мәлім етті.
Оның айтуынша, департамент қызметкерлерімен биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына қатысты 6 жоспарлы және 29 жоспардан тыс тексеріс өткізілген.
«Сәулет және құрылыс заңнамалық нормаларын белден басқан 17 құрылыс субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтті ол.
Ғ. Әбдірайымовтың атап өткеніндей, СҚО, Қостанай, Ақтөбе, ОҚО, Маңғыстау, ШҚО, Қарағанды облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында да осындай 40-қа жуық тексеріс өткізілген. Құрылыста анықталған кемшіліктерді жою бойынша 28 нұсқау берілді.
«Соңғы кездері құрылыс саласында жобалық және құрылыс жұмыстарының сапасыздығына қатысты мәселелер көтеріліп, халық тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсуде. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысының жарлығымен, Агенттікке сәулет-құрылыс жұмыстарын тексеру және лицензиялау бойынша жергілікті органдардың құзыры берілді», - дейді ол.