Құрылыс саласы Қазақстан экономикасының драйвері болып қала береді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Құрылыс секторы ел экономикасында, әсіресе дағдарыс кезінде маңызды рөл атқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылыс саласы Қазақстан экономикасының драйвері болып қала береді

Finprom.kz порталының мәліметінше, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,5 пайызға төмендеген 2020 жылы құрылыс секторы бірден 11,6 пайызға өсті.

Яғни ел экономикасының барлық секторлары арасында рекордтық көрсеткіш. Бұл нақты сектор үшін пандемияның жағымсыз салдарын бейтараптандыруға мүмкіндік берді.

Жалпы, құрылыс Қазақстан экономикасының өсу драйверлерінің бірі деп сеніммен айтуға болады. Биыл сала көлем өсімі бойынша да көшбасшылар қатарында тұр.

Мәселен, елдегі ішкі жалпы өнім алты айдың қорытындысы бойынша бір жылда 3,6 пайызға өссе, құрылыста өсім 9,2 пайызға жетті.

Бір қызығы, сала тағы бір жоғары технологиялық сегмент — ақпарат және коммуникация саласымен (12,6 пайыз өсім) көш бастап тұр.

Бүгінде құрылыс «таза» күйінде елдің жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын құрайды. Бұл ретте сектор экономикаға мультипликативті әсер етеді.

Өзімен байланысты салаларды — өңдеу өнеркәсібін, атап айтқанда машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру, сауда, көлік-логистика және тағы басқа салаларды ынталандырады.

Сонымен қатар, құрылыс еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Секторда 637,5 мың адам жұмыс істейді.

Құрылыста жұмыспен қамтылғандар саны республикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың 7,2 пайызын және нақты секторда жұмыс істейтіндердің 17,4 пайызын құрайды.